Таразда аналардың құрметіне арнайы орталық ашылды
Таразда аналардың құрметіне арнайы орталық ашылды
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Таразда «Анаға тағзым» орталығы ашылды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен бой көтерген орталықтың алдына ақжаулықты аналардың құрметіне еңселі ескерткіш орнатылған. Нысан жергілікті демеушілердің көмегімен салынған. Мұндай орталық бұған дейін Ақтөбеде бой көтерсе, еліміз бойынша екінші болып Тараз қаласында ашылып отыр. Салтанатты шараға ел анасына айналған танымал тұлғалар, белгілі азаматтарды өмірге алып келген ақжаулықтылар, спорт пен өнердегі нәзік жандылар, кәсіпкер әйелдер мен қоғам белсенділері қатысты. Аймақ басшысы өткеннің өнегесін бүгінгі жас буынның бойына сіңіру керектігін айтып, орталықтың алдағы уақытта атқаратын жұмысына тоқталды.
Сондай-ақ, аймақ басшысы көпбалалы, аз қамтылған аналардың мәселелеріне құлақ түріп, оларды шешу жолындағы орталықтың атқарар қызметіне тоқталды. Ұсыныс, ой-пікірлер де барынша ескерілмек. Қажет болған жағдайда, жергілікті атқарушы орган өкілдері осында шақыртылып, қабылдаулар мен кездесулер ұйымдастырылады. ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құнанбай» фильмінде Абайдай кемеңгердің асыл әжесі – Зеренің рөлін сомдаған Нұрсифат Салықова ақылман, данагөй ұлы аналардың ізгі жолын дәріптей отырып, жас ұрпаққа оның ішінде қыз балаларға рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбие беруді мақсат еткен орталық жұмысына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.
Көпбалалы ана Сапура Ержанова аналарға айрықша көңіл бөліп отырған мемлекет, облыс басшылығына деген ризашылығын жеткізді. Бұдан соң қонақтарға ғимараттың құрылымы таныстырылып, қазақы дәстүрмен тұсау кесер рәсімі өтті. «АрайСтройМаркет» ЖШС бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында сыйға тартқан үш қабатты ғимараттың барлық залы, дәлізі ұлттық нақышта безендірілген. Мұнда жас және көп балалы аналар үшін түрлі курстар ұйымдастырылып, психологиялық және құқықтық тұрғыдан жан жақты қолдаулар көрсетіледі. Орталықтағы «Мирас» экспозициялық залында ұлттық салт-дәстүрлер барынша насихатталады. Ал, «Алқа» салтанат залы және «Інжу-маржан» әдеби-музыкалық қонақжай бөлемесінде ұлы тұлғалар мен ел мақтанышына айналған азаматтарды өмірге әкелген қайраткер аналардың және талантты нәзік жандылардың портреттері ілінген. Сондай-ақ, «Сырғалым» сырласу клубы, «Ерке сылқым» хореографиялық залы, «Қызғалдақ» ұлттық экотәрбие клубы, «Сырлы әлем» бейнелеу өнері және «Ана тілі» шешендік өнер мектептері, «Қазына» ұлттық аспаптар сыныбы, «Ынтымақ» коворкинг залы, «Береке» аспаздық және «Бойтұмар» қолөнер және дизайн студиялары жұмыс жасайды.