Таразда қаржылық және цифрлық қауіпсіздік тақырыбында оқушылармен кездесу өтті
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 17:44
- 17
Тараз қаласындағы №41 мектеп-гимназиясында «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында қаржылық және цифрлық қауіпсіздікке арналған ақпараттық кездесу ұйымдастырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Іс-шараны Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті өткізді.
Кездесу «Қаржылық тәртіп пен құқықтық мәдениет: ата-ананың үлгісі» тақырыбына арналды. Шара барысында мамандар қаржылық сауаттылықтың қоғам өміріндегі маңызына кеңінен тоқталып, әрбір азаматтың жеке шешімдері үшін жауапкершілігіне ерекше назар аударды. Сонымен қатар жастардың заңға құрметпен қарауын қалыптастыруда ата-ананың және жалпы ересектердің жеке өнегесінің рөлі маңызды екені айтылды.
Кездесуде цифрлық қауіпсіздік мәселелері де жан-жақты түсіндірілді. Қатысушыларға дипфейк технологияларының қаупі, жалған аудио және бейнематериалдарды ажырату жолдары, интернет-алаяқтардан қорғану тәсілдері туралы нақты мысалдар келтірілді. Бұдан бөлек, жеке деректерді қорғау, күмәнді сілтемелерден сақтану және интернет ресурстарды қауіпсіз пайдалану бойынша практикалық кеңестер берілді.
Іс-шараға қоғамдық бірлестіктердің өкілдері де қатысып, құқықтық мәдениет, қаржылық жауапкершілік және азаматтық белсенділік тақырыптары аясында өз тәжірибелерімен бөлісті. Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі дайындаған слайдтар мен бейнематериалдар көрсетіліп, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауаптар берілді.






