Таразда ҚАЖ қызметкерлері қайырымдылық акциясына қатысты
- авторМағжан Орынбасар
- 14 маусым, 2025
- 204

Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №58 мекеменің қызметкерлері 14 маусым – Дүниежүзілік донорлар күніне орай игі шараға белсене қатысты, деп хабарлайды Jambylinfo. kz
Аталған датаға орайластырылған акция аясында мекеме қызметкерлері қан тапсырып, науқастарға өмір сүруге үміт сыйлады.
Ізгілікке толы бұл шара Жамбыл облыстық қан орталығымен бірлесіп ұйымдастырылды. Донорлық – ерікті түрде жасалатын ізгі әрекет, сонымен қатар қоғам алдындағы азаматтық жауапкершіліктің бір көрінісі. №58 мекеменің қызметкерлері бұл жолы да әлеуметтік маңызы зор бастамадан тыс қалмай, адам өміріне араша болуға өз үлестерін қосты.
Мамандардың айтуынша, бір адамның тапсырған қаны үш адамның өмірін сақтап қалуға көмектеседі. Сондықтан да бұл шараның мәні терең, маңызы ерекше.
Қатысушылар бұл игі қадамның көңілге жылу, жанға қуат беретінін айтып, алдағы уақытта да осындай қайырымдылық шараларына белсене қатысуға дайын екендерін жеткізді.
Қан – өмір, ал оны тапсыру – ерлікпен пара-пар іс. Мұндай бастамалар қоғамда мейірімділік пен адамгершілік құндылықтарының артуына ықпал ететіні сөзсіз.