Жамбыл жаңалықтар

Таразда Әдібай Табылдиевтің 100 жылдығына арналған әдеби-танымдық кеш өтті

Биыл ақын, жазушы, драматург әрі ғалым-ұстаз Әдібай Табылдиевтің туғанына 100 жыл толып отыр.

Биыл ақын, жазушы, драматург әрі ғалым-ұстаз Әдібай Табылдиевтің туғанына 100 жыл толып отыр. Осы атаулы датаға орай Ш. Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында «Жырлайды жүрек» атты әдеби-танымдық кеш өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Кешке әдебиет пен мәдениет саласының өкілдері, зиялы қауым, сондай-ақ жас ұрпақ қатысты. Қатысушылар Әдібай Табылдиевтің өмір жолы мен шығармашылық мұрасы туралы ой бөлісіп, ғалым-ұстаздың адамгершілік болмысы, қарапайым да талапшыл мінезі, ұлт болашағына деген шынайы жанашырлығы жөнінде жүрекжарды естеліктерін жеткізді.

Әдеби кеш барысында Әдібай Табылдиевтің шығармаларынан үзінділер оқылып, оның қазақ әдебиеті мен білім саласына қосқан өлшеусіз үлесі кеңінен сөз болды. Әсіресе, ұстаз ретінде саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған тұлғаның өнегелі жолы бүгінгі буынға үлгі ретінде атап өтілді.

Шараның басты мақсаты – жас ұрпақты рухани құндылықтарға баулу, ұлттық әдебиетке деген құрметті арттыру және сөз өнерінің тәрбиелік маңызын насихаттау болды. Осы тұрғыдан алғанда, «Жырлайды жүрек» әдеби-танымдық кеші өткенді ұлықтаумен қатар, келер ұрпаққа бағыт-бағдар берген тағылымды рухани басқосу ретінде есте қалды.

Әдібай Табылдиев 1926 жылы 2 ақпанда Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген. Ол өмірінің ерте кезеңінен-ақ білім мен әдебиетке ерекше қызығушылық танытып, жасынан өлең жазуға, проза мен драматургияға бет бұрған.

Ғалым ретінде Әдібай Табылдиев қазақ педагогикасының дамуына елеулі үлес қосып, этнопедагогика саласында ғылыми зерттеулер жүргізді. Оның еңбектері ұлттық білім беру дәстүрлерін зерделеп, оларды заманауи педагогикалық жүйемен ұштастыруға бағытталды. Сондай-ақ балалар әдебиеті мен тәрбие мәселелері бойынша бірқатар ғылыми еңбектер мен зерттеулер жариялады.

Әдебиет саласында да Әдібай Табылдиевтің шығармашылығы кең ауқымымен ерекшеленеді. Ол поэзия, проза, драматургия және педагогикалық публицистика жанрларында өзіндік қолтаңба қалыптастырды. Оның туындыларында қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, жастар мен балалар тәрбиесіне қатысты тағылымды ойлар кеңінен көрініс тапқан. Ал драмалық шығармаларында қоғамдық мәселелер, ұлт тарихы мен адамгершілік құндылықтары басты тақырыпқа айналған. Қаламгердің бірқатар пьесалары мен повестері білім беру бағдарламаларында пайдаланылып келеді.

Өмір бойы ұстаздық қызмет атқарған Әдібай Табылдиев көптеген талантты шәкірт тәрбиелеп, олардың елге қызмет ететін білікті маман болып қалыптасуына ықпал етті. Ол «Кеңес үкіметінің халық білім беру ісінің үздігі» және Қазақстан Республикасының білім беру саласының құрметті қызметкері атақтарына ие болған.