Таразда грек-рим, еркін және әйелдер күресінен ҚР чемпионаты бастау алды
- авторСадуақас Айсұлу
- Бүгін, 18:06
- 1
Талай жарыстарда атой салған Жақсылық Үшкемпіров, Ислам Байрамуков, Ақжүрек Таңатаров және Елдос Сметов сынды атан жілікті балуандардың ізбасарларының бабы келісіп, бағы жанып тұр. Біз мұны Тараз-Арена сарайында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен 23 жасқа дейінгі жастар арасында басталған Қазақстан Республикасының чемпионатынан анық байқадық. Айта кетейік, осынау сайыс барысында еліміздің барлық өңірінен жиналған бура сан, бота тірсек балуандар тоғыз күн бойы боз кілемде бақ сынамақ.
Ел біріншілігінің ашылу салтанатына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, жас балуандарға сәттілік тіледі. Аймақ басшысы өз сөзінде Жамбыл өңірі – халықаралық деңгейдегі күрес спортын дамытуда айрықша орны бар аймақтардың бірі екенін атап өтті.
– Даңқты спортшы, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров ағамыз бастаған бұл өңір күрес шеберлеріне әрдайым бай екенін дәлелдеп келеді. Жамбыл жерінен шыққан талай саңлақ спортшылар ел спортының тарихына өз есімдерін алтын әріптермен жазып қалдырды. Олардың жеңісті жолы – жас буын үшін үлкен өнеге әрі мақтаныш. Өңір спортшылары халықаралық ареналарда жоғары нәтижелер көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғап келеді. Атап айтқанда, жамбылдық балуандар Олимпиада ойындары, әлем чемпионаттары, Азия ойындары және Азия чемпионаттары сияқты ірі халықаралық додаларда Қазақстан ұлттық құрамасының сапында табысты өнер көрсетіп, мемлекетіміздің Әнұранын шырқатып, көк Туымызды биікке көтеріп келеді. Аталған жетістіктер өңірде спортты жүйелі дамытуға бағытт а лған еңбектің, жаттықтырушылар мен спортшылардың табанды ізденісінің айқын нәтижесі. Сіздерге осы жарыста жоғары нәтижелер мен әділ бәсеке тілеймін. Салауатты өмір салтын насихаттап жүрген баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін! – деді Ербол Шырақпайұлы.
Мұнан соң Қазақстанның грекрим, еркін және әйелдер күре сі федерациясының президенті Еркін Оқасов сөз алып, бұл жарыстың киелі Тараз төрінде өтіп жатқанына қуанышты екенін жеткізді. Атап өтейік, чемпионатқа облыс, республикалық маңызы бар қалалар мен Астанадан келген мықты спортшылар бақ сынауда. Әр команда құрамында 20 спортшы, 5 жаттықтырушы, 2 төреші және 1 ресми өкіл бар. Жарыста республикалық және халықаралық дәрежедегі төрешілер қызмет етуде.
Бір мыңға жуық спортшы бақ сынайтын сайыстың нәтижесі бойынша U-15 санатындағы жеңімпаз 200 мың теңгеге ие болады. Ал екінші орынға 100 мың теңге және қола жүлдегерлерге 50 мың теңге берілмек. Бұдан бөлек U-23 санатындағы ел чемпионы 500 мың теңге сыйақыны иемденсе, екінші орынға 300 мың теңге, үшінші орын иегерлеріне 150 мың теңгеден беріледі. Сонымен қатар арнайы номинация бойынша түрлі марапаттар да бар.




