Таразда грек-рим, еркін және әйелдер күресінен ҚР чемпионаты бастау алды
Көне Тараздың топырағынан түлеп ұшып, бүтіндей елдің намысын абыройлы қорғаған балуандар аз емес. Бүгінгі ұрпақ алдыңғы аға буынның боз кілемдегі жеңісті жолын жалғастырумен қатар, олардың бойындағы қайрат пен намыстың тегеурінді тасқынын балауса көкіректеріне сіңіре де білуде. Бастысы, сол бір даңқты жолдың көшін лайықты жаңғыртуда.
Талай жарыстарда атой салған Жақсылық Үшкемпіров, Ислам Байрамуков, Ақжүрек Таңатаров және Елдос Сметов сынды атан жілікті балуандардың ізбасарларының бабы келісіп, бағы жанып тұр. Біз мұны Тараз-Арена сарайында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен 23 жасқа дейінгі жастар арасында басталған Қазақстан Республикасының чемпионатынан анық байқадық. Айта кетейік, осынау сайыс барысында еліміздің барлық өңірінен жиналған бура сан, бота тірсек балуандар тоғыз күн бойы боз кілемде бақ сынамақ.
Ел біріншілігінің ашылу салтанатына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, жас балуандарға сәттілік тіледі. Аймақ басшысы өз сөзінде Жамбыл өңірі – халықаралық деңгейдегі күрес спортын дамытуда айрықша орны бар аймақтардың бірі екенін атап өтті.
Мұнан соң Қазақстанның грекрим, еркін және әйелдер күре сі федерациясының президенті Еркін Оқасов сөз алып, бұл жарыстың киелі Тараз төрінде өтіп жатқанына қуанышты екенін жеткізді. Атап өтейік, чемпионатқа облыс, республикалық маңызы бар қалалар мен Астанадан келген мықты спортшылар бақ сынауда. Әр команда құрамында 20 спортшы, 5 жаттықтырушы, 2 төреші және 1 ресми өкіл бар. Жарыста республикалық және халықаралық дәрежедегі төрешілер қызмет етуде.
Бір мыңға жуық спортшы бақ сынайтын сайыстың нәтижесі бойынша U-15 санатындағы жеңімпаз 200 мың теңгеге ие болады. Ал екінші орынға 100 мың теңге және қола жүлдегерлерге 50 мың теңге берілмек. Бұдан бөлек U-23 санатындағы ел чемпионы 500 мың теңге сыйақыны иемденсе, екінші орынға 300 мың теңге, үшінші орын иегерлеріне 150 мың теңгеден беріледі. Сонымен қатар арнайы номинация бойынша түрлі марапаттар да бар.