Таразда «Әке – отбасы тірегі» тақырыбында әкелер құрылтайы өтті
- авторМағжан Орынбасар
- Бүгін, 18:28
- 6
Іс-шара «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы және «Заң мен тәртіп» айлығының аясында өткізілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Аталған басқосуға облыстық және қалалық деңгейдегі жауапты мекемелердің өкілдері, әкелер кеңесінің мүшелері, ауыл ақсақалдары мен ағалары, әкелер, педагогтер қатысты.
- Құрылтайдың мақсаты – әкенің отбасындағы және қоғамдағы тәрбиелік рөлін айқындау; әке өнегесі арқылы бала бойына адамгершілік, жауапкершілік, еңбекқорлық, отансүйгіштік сияқты асыл қасиеттерді қалыптастырудың маңызын түсіндіру; әкелердің бала тәрбиесіне белсенді араласуын ынталандырып, отбасылық құндылықтарды нығайту; ұрпақ тәрбиесіндегі әке беделін арттыру, - дейді ұйымдастырушылар.

Жиында «Әке – асқар тау» сахналық қойылымы, шығармашылық көрмелер, ашық диалог алаңы ұйымдастырылып, қатысушылар әкелердің отбасындағы, қоғамдағы рөлін талқылап, тәрбие мәселелері бойынша еркін пікір алмасты.
Ашық диалог алаңының қорытынды бөлімінде ауыл ақсақалы Раймбердиев Зуттулла ата әкелерге үндеу жариялады. Үндеуде ақсақал әкенің отбасындағы және қоғамдағы рөліне кеңінен тоқталып, бала тәрбиесіндегі жауапкершілік, ұлттық құндылықтарды сақтау, әке мен бала арасындағы қарым-қатынастың маңызын атап өтті. Сондай-ақ әкелерді адал еңбекке, сабыр мен парасатқа, ұрпаққа үлгі болуға шақырды.
Ауыл ақсақалы өз сөзінде «Жақсы әке болу – міндет емес, аманат. Бала әкенің сөзіне емес, ісіне қарап өседі», – деп, тәрбиенің басты өлшемі – әкенің күнделікті болмысы екенін жеткізді.
Іс-шараға қатысқан әкелер үндеуді зор ықыласпен қабылдап, ашық диалог барысында өз ойларымен бөлісті. Құрылтай қатысушылары мұндай тағылымды кездесулердің әкелер арасында жауапкершілікті арттыруға, отбасы құндылықтарын нығайтуға оң әсер ететінін атап өтті.






