Таразда Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні аясында бірқатар іс-шара өтті
17 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні аясында «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы ұжымы Тұсаукесер рәсімін өткізді
Тараз қаласында Наурыз мейрамы аясында ұлттық мәдениет пен руханиятты дәріптеуге арналған бірқатар маңызды іс-шара өтті,- деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Сан ғасырлық дәстүрлер мен рухани құндылықтарды жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған жиындар халықтың ерекше ықыласына бөленді.
17 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні аясында «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы ұжымы Тұсаукесер рәсімін өткізді. Көп балалы ана, мекеменің бас қор сақтаушысы Ұлболсын Әлімханова Тараз қаласының кішкентай тұрғыны Амира Еркебұланқызының тұсауын кесіп, үлкен өмір жолына алғашқы қадам жасауына ақ тілегін білдірді.
Қазақтың көне дәстүрлерінің бірі саналатын Тұсаукесер – сәбидің тез жүріп кетуін тілейтін ерекше рәсім. Бұл ғұрыптың тамыры тереңге бойлап, тәңірлік дәуірден бастау алады деген деректер де кездеседі. Бүгінде ұлт болмысының ажырамас бөлігіне айналған осындай дәстүрлер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, қазақ халқының мәдениетін сақтауға өз үлесін қосып келеді.
Жамбыл облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында Шаңырақ күніне орай ерекше шара ұйымдастырылды. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында өткізілген бұл мерекелік жиында Ерғазы Ділдабекұлы мен Дариға Өсерқызының некесі салтанатты түрде қиылып, оларға алғашқы отбасылық құжаттары табысталды. Жас жұбайларға Жамбыл облысы Әділет департаментінің басшысы Ермек Қорабаев ақжарма тілегін жеткізді.
Сонымен қатар, азаматтық хал актілерін тіркеу саласында 13 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Дархан Ахметжанов үшін де бұл күн есте қаларлықтай болды. Ол үшінші рет әке атанып, перзентінің алғашқы құжатын алды. Осы қуанышты сәтке орай, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Жамбыл облыстық филиалының басшысы Мұхтар Әлімбетов оны арнайы марапаттады.
Бұл шара отбасы құндылығын дәріптеп, шаңырақтың шайқалмай, босағаның берік болуы әрбір жанұяның бақыты екенін тағы бір мәрте көрсетті.
«Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында Ә.Бөкейханов атындағы №1 мектеп-гимназиясында жазушы, драматург, қоғам қайраткері Елен Әлімжанның 80 жас мерейтойына арналған әдеби-сазды кездесу өтті.
Кешке мерейтой иесінің өзі қатысып, өмірі мен шығармашылығы туралы оқушылармен ой бөлісті. Шара барысында жазушының әдеби мұрасы мен қазақ әдебиетіне қосқан зор үлесі ерекше аталып өтті. Оқушылар оның шығармаларынан үзінді оқып, қаламгердің туындыларына деген қызығушылықтарын танытты.
Кездесу еркін сұхбат форматында өтіп, жазушы балалық шағынан бастап, шығармашылық жолына дейінгі маңызды кезеңдер туралы естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар, жас ұрпаққа әдебиеттің маңыздылығы мен ұлттық құндылықтарды сақтау қажеттілігі жайлы ойлар айтылды.
Тараз қаласында өткен бұл іс-шаралар қазақтың мәдени мұрасын жаңғырту мен дәріптеудің маңызды екенін тағы бір дәлелдеді. Тұсаукесер, отбасылық құндылықтарды насихаттау, әдебиетке құрмет көрсету – барлығы да ұлттың рухани тірегі болып табылады. Ұрпаққа үлгі болатын осындай игі дәстүрлер жалғасын тауып, қазақ мәдениеті мәңгі жасай бермек!