Таразда мас күйде автобус жүргізген жүргізуші қамаққа алынды
Бұл туралы Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді
Тараз қаласында масаң күйде жолаушылар тасымалдаған автобус жүргізушісі ұсталды. Оқиға «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Полиция қызметкерлері патрульдеу кезінде күдік тудырған «ZHONG TONG» маркалы қоғамдық көлікті тоқтатқан. Тексеру кезінде 55 жастағы азаматтың 17-бағыттағы автобусты алкогольдік мас күйінде жүргізіп отырғаны белгілі болды. Медициналық сараптама қорытындысы бұл деректі растады.
Заң бұзушы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен жүргізуші он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, жеті жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды.
Жамбыл облысы Полиция департаменті тұрғындарға ескерту жасады: мас күйде көлік жүргізу азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді және заң бойынша қатаң жазаланады.