Жамбыл жаңалықтар
Таразда Наурыз мерекесіне орай ұлттық тағамдар фестивалі өтті
- авторjambylinfo.kz
- 24 наурыз, 2022
- 175
Таразда Наурыз мерекесіне орай ұлттық тағамдар фестивалі өтті
Наурыз мерекесіне орай Тараз қаласындағы «Жастар» аллеясында «Ұмыт болған ұлттық тағамдар» фестивалі өтіп, онда қазақтың ұлттық тағамдарының бірегей түрлері ұсынылды.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиналғандарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, Наурыз мейрамын тойлау халқымыздың игі дәстүрлерін сақтауға септігін тигізетінін атап өтті.
– Тамыры тереңнен бастау алатын әз Наурыз дана халқымызда еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, қоғамдағы келісімнің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі ретінде тойланып келеді. Дастарқанға ақ толатын, елімізге бақ қонатын бүгінгі арайлы шақты халқымыз Ұлыстың ұлы күні деп ұлықтаған. Наурыз бір ұлтқа ғана емес, жалпы жұртшылыққа ортақ мереке. Оны еліміздегі барлық этнос өкілдері тойлайды. Наурызда айтылған әрбір ізгі тілек орындалсын! Ақ мол болсын! Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! – деп тілегін білдірді аймақ басшысы.Облыс әкімі биыл Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауындағы ауқымды саяси реформаларға негізделген бастамаларын жүзеге асыру жоспарланып отырғанын атап өтті.
- Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында Мемлекет басшысының алдымызға қойған міндеттерін толық орындауға тиіспіз, - деді Бердібек Сапарбаев.Келесі кезекте аймақ басшысы ел Президентінің Жарлығымен бекітілген мемлекеттік наградаларды экономика мен әлеуметтік саланың түрлі бағыттарында жұмыс істейтін жамбылдықтарға табыс етті. Атап айтқанда, мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбегі, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азаматтар «Парасат», «Құрмет» ордендерімен, «Шапағат», «Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы» медальдарымен марапатталды, сондай-ақ ҚР Президентінің Алғыс хаты табыс етілді. Фестиваль қонақтары ұлттық тағамдар – үлпершек, қарма, түймеш, қимай, жау жүрек, жоңқа, өкпе сүт, ақ сорпа, май шұрқан, ми палау, жалпа, қарын бүрме, өрме төстіктен дәм татты. Тұрғындар түйе, ешкі және сиыр сүтінен жасалған құрттың алуан түрінен, қымыз бен шұбаттан және ірімшіктен де ауыз тиді. Фестиваль аясында Балалар көркемсурет мектебі мен техникалық шығармашылық орталығы оқушыларының еңбектерінен әзірленген көрме көпшілік назарына ұсынылды. Шара соңы мерекелік концертке ұласты.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала