Жамбыл жаңалықтар

Таразда облыстық ата-аналар форумы өтті

Жиында маңызды мәселелер айтылды

Бүгін Таразда «Бала тәрбиесі – ортақ жауапкершілік: отбасы, мектеп, қоғам» атты облыстық ата-аналар форумы өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, Парламент Мәжілісінің депутаттары Әбутәліп Мүтәлі мен Мұқаш Ескендіров, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі Еркін Қуанышев және құзырлы орган өкілдері мен ата-аналар қатысты. 

Алдымен форум қатысушылары «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында әзірленген бейнероликті тамашалады. 

Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары сөз алып, аталған басқосудың бала тәрбиесі жөнінде ой біріктіріп, пікір алмасатын маңызды алаң екенін атап өтті. 

Сонымен қатар халық қалаулылары да адам құқықтарын қорғау құқықтық мемлекет құрудың басты қағидаттарының бірі екенін атап өтті. Әсіресе, «бала құқықтарын қамтамасыз ету, олардың қауіпсіз ортада өмір сүруі, сапалы білім алуы және жан-жақты дамуы баршамыздың жауапкершілігіміз» деді депутаттар. 

Басқосуда құзырлы орган өкілдері де жасөспірімдер арасында қылмысты болдырмау және алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. 

Жалпы, форумның пікір алаңында өскелең ұрпақты тәрбиелеу, отбасы мәртебесін көтеру, адамгершілік-отбасылық құндылықтарды қалыптастыру, ұлттық салт-дәстүрлерді болашақ ұрпаққа жеткізу, той мәдениетін қалыптастыру жөнінде өзекті мәселелер талқыланды.