Таразда пәтер өртінен 12 адам құтқарылды
Тараз қаласында пәтердегі өрт жойылып, 12 адам құтқарылды.
Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру мекемесінің Күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының «101» телефон нөміріне Тараз қаласы, Астана шағын ауданының көпқабатты тұрғынүй пәтерлерінің бірінде өрт тұтанғаны жөнінде хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің 2 өрт сөндіру автокөлігі мен 1 автосатысы және кезекшілік өрт сөндіру қызметі, сонымен қатар жедел-құтқару жасағынан 1 автокөлік, барлығы 16 адам жеткен. Бұл туралы облыстық ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.
«Өрт сөндіруші-құтқарушылар шұғыл түрде жүргізген барлау нәтижесінде өрт болған пәтердің жуынатын бөлмесі мен дәретханасының өртке оранғаны анықталған. Оқиға орнында газ-түтіннен қорғау қызметінің екі тобы құрылып, қою түтін жайылған подъезд арқылы ішке кіріп, өрт сөндіру жұмысын жүргізген. Сондай-ақ өзге от жауынгерлері автосаты көмегімен жоғарғы қабаттардан 6 ересек адам мен 6 баланы құтқарған. Өрттің одан әрі жайылуына жол берілмеді»,-делінген ведомство хабарламасында.
Тілсіз жау дереу ауыздықталып, толықтай жойылған. Өрттің ауданы 20 шаршы метрді құраған. Жалыннан зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі мен келтірілген материалдық шығыны анықталуда. Осыған орай Жамбыл облысы ТЖ департаменті Тараз қаласы мен облыс тұрғындарын өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз