Жамбыл жаңалықтар

Таразда ұрланған көлікпен полициядан қашқан ұры балалар ойын алаңына соқтығысты

Таразда ұрланған көлікпен полициядан қашқан ұры балалар ойын алаңына соқтығысты

Тараздық полицейлер көлік ұрлап, жол көлік оқиғасын жасаған күдіктіні қолға түсірді Тараз қаласы Полиция басқармасының жедел басқару орталығының «102» пультіне облыс орталығының тұрғынынан белгісіз тұлға үйдің ауласына қойылған «Hyundai» маркалы автокөлікті айдап кеткені туралы хабарлама түскен. Қала аумағында автокөлік ұрлаушыны ұстау бойынша жедел іс-шаралар жүргізілді. Іс-шара барысында Тараз қалалық ПБ жедел басқару орталығының операторлары автокөліктің орналасқан жерін анықтап, одан кейін патрульдік полиция батальонының қызметкерлері ұрыны ұстау бойынша шаралар қабылдаған. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. - 38 жастағы күдікті қала сыртына шығу үшін қуғыннан қашуға тырысып, жоғары жылдамдықпен жүріп, көлікті басқара алмай, «Астана» мөлтек ауданындағы аулалардың біріндегі балалар ойын алаңына соқтығысқан. Ол көлікті тастап, оқиға орнынан бой тасалауға тырысқан. Күдікті көп ұзамай қолға түсіп, полицияға жеткізілді,-дейді Тараз қаласы Полиция басқармасы бастығы Асылхан Заурбеков. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 200-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.