Таразда сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған семинар ұйымдастырылды

Шараға аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері және қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың өкілдері қатысты
Бүгін Таразда облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен «Сайлауды әзірлеу мен өткізудегі мемлекеттік органдардың рөлі туралы» тақырыбында семинар-тренинг өтті,- деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Семинардың мақсаты – комиссия мүшелеріне, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдеріне сайлау процесін дұрыс және тиімді ұйымдастыру үшін қажетті білім мен дағдыларды беру.
Жиынды ашқан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов мұндай шараның сайлау заңнамасының негіздерін және оны сайлау процесінде қолдану практикасын түсіндіру және комиссия мүшелерінің кәсіби құзыреттерінің деңгейін арттыру үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Бұдан кейін қатысушылар онлайн және офлайн форматта «Сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес білім деңгейін анықтауға бағытталған кіріспе тест тапсырды.
Сонымен қатар семинар барысында қатысушыларға облыстық сайлау комиссиясының төрағасы, Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің аға прокуроры, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы, ҰҚК Жамбыл облысы бойынша департаментінің аға жедел уәкілі сынды тағы бірқатар мамандар тарапынан сайлау процесіндегі заңнамалық талаптар мен процедуралар туралы дәріс берілді.
Іс-шарада «Әкім болуға кандидаттарды тіркеу», «Құжаттарды заң талаптарына сәйкестігін тексеру», «Сыбайлас жемқорлық қылмыстары мен құқық бұзушылықтар жөніндегі мәліметтерді тексеру» және тағы да басқа маңызды тақырыптар қамтылды.
Семинар соңында қатысушылар практикалық тапсырмалар мен кейстер талқылап, білімдерін бекіту мақсатында кезекті тест тапсырды. Сондай-ақ оларды облыстық сайлау комиссиясының төрағасы арнайы сертификаттармен марапаттады.