Таразда үш биге еңселі ескерткіш қойылды
Таразда үш биге еңселі ескерткіш қойылды
Тараз қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30-жылдығына орай қазақтың әйгілі үш биі – Төле, Әйтеке және Қазыбек билерінің ескерткіші ашылды. Даналық пен әділдіктің символындай болған үш бидің ескерткіші Жамбыл облыстық соты ғимаратының аумағында орналасқан. Ашылу салтанатына Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облыстық сотының төрағасы Ербол Ахметжанов, ҚР Жоғарғы сотының экс-төрағасы Мұсабек Тұрғанбекұлы, Жамбыл облыстық сотының бұрынғы төрағасы Мақсұт Әбілқайыров және сот жүйесінің ардагерлері қатысты. Ербол Ахметжанов пен Мұсабек Тұрғанбекұлы ең күрделі кезеңде қазақтарды біріктіруде шешуші рөл атқарып, елдің еркіндігі мен тәуелсіздігі үшін күрескен ұлы билердің рухани мұралары, өнегелі еңбектеріне тоқталды.
Бұдан соң ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Салтанатты ашылу рәсімінен кейін қонақтар облыстық соттың жаңа ғимаратында бас қосты. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев әр заманның өзіне сай сот жүйесі болғанын, кезіндегі Билер кеңесі соның айғағы екендігін атап өтті.
Айта кетейік, жаңа ескерткіш бетоннан құйылып, мәрмәр тұғырға орнатылған. Монумент авторы – мүсінші Темірхан Қолжігіт. Ескерткіштің биіктігі – 3,50 метрді құрайды.