Таразда сотталған азаматтар оқу-ағарту курстарынан өтті
Азаматтарға арнайы сертификаттар мен діни кітаптарды сыйға тартылды
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №58 мекемесінде сотталған азаматтардың оқу-ағарту және даярлау курстарының аяқталуына арналған іс-шара өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл шараны Жамбыл облысы әкімдігі Дін проблемаларын зерттеу орталығы мен «Ақниет» ақпараттық-насихаттау орталығының ұстаздары бірлесіп ұйымдастырды.
Курстар барысында сотталғандар діни сауаттылықтарын арттырып, өмірлік құндылықтарды түсінуге бағытталған дәрістер алды. Сонымен қатар, өздерін жаңа кәсіпке бейімдеуге мүмкіндік беретін даярлау сабақтарынан өтті.
Іс-шараның соңында мекеме әкімшілігі курстарды сәтті аяқтаған азаматтарға арнайы сертификаттар мен діни кітаптарды сыйға тартты. Бұл қадам сотталғандардың қайта әлеуметтенуіне және дұрыс бағыт-бағдар алуына ықпал етуді көздейді.
«Осы сияқты оқу-ағарту курстары адамдардың өз өміріне оң көзқараспен қарап, қоғамға қайта бейімделуіне септігін тигізеді», – деді ұйымдастырушылар.
Мекеме басшылығы алдағы уақытта осындай іс-шаралардың тұрақты өткізіліп тұратынын атап өтті.