Таразда «Тәртіп алды – еңбек, бала тәрбиесі – міндет» атты ауқымды форум өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 5 маусым, 2025
- 195

«Шахристан» кешеніндегі көрме залында «Тәртіп алды – еңбек, бала тәрбиесі – міндет» атты ауқымды форум өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жиынға аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев қатысты. Форумды ашқан облыс әкімі жастар тәрбиесінің мемлекет болашағы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
– Бұл жиын – өскелең ұрпақтың кәсіби бағдарын айқындап, болашақ еңбек нарығына бейімдеу бағытындағы маңызды диалог алаңы болмақ. Форум аясында білім беру ұйымдары, кәсіпкерлік орта және инвесторлар арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға арналған нақты бастамалар мен ұсыныстар ортаға салынады деп күтеміз. Бүгінгі таңда облыста жалпы 62 инвестициялық жобаны жүзеге асырылуы көзделген. Бұл жобалар 2029 жылға дейін шамамен 6 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Аталған қажеттілікті сапалы кадрлармен қамтамасыз ету – маңызды міндет. Осы мақсатта техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен инвесторлар арасындағы өзара ынтымақтастықты күшейтуіміз қажет, – деген өңір басшысы биыл 55 179 азаматты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланып отырғанын жеткізді.
Облыс әкімінің айтуынша, қазіргі уақытта 17 661 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Сонымен қатар, 1 315 азаматты кәсіптік оқытумен қамту көзделіп, оның 203-і бүгінде оқыту курстарына жолданыпты.
– Ерекше айтатын бір мәселе, әр жұмысшы мамандықтар бойынша оқытылып жатқан азаматқа айына 43 574 мың теңге шәкіртақы, 15 728 мың теңге жол жүру ақысы қарастырылған. Биылғы оқу жылында 14 мыңнан аса түлек мектепті аяқтады. Олардың ендігі мамандықты сәтті таңдауы, сол мамандықтың білікті маманы атануына үлкен сенім артамыз. Бұл бағытта 9-11 сынып оқушылары арасында 405 мектепте «Мансап компасы» платформасы арқылы мамандық таңдауға кеңестер берілді. Біз колледж түлектерін инвестициялық жобалар негізінде тікелей жұмысқа орналастыруға баса назар аударып отырмыз. Бұл бағытта кәсіпорын басшылары, инвесторлармен арнайы кездесіп, талқылаған болатынбыз. Осы ретте тағы да айтқым келеді, өңіріміздегі колледждер мен жас мамандар – Сіздердің сенімді серіктестеріңіз бола алады. Сондықтан, тиісті уәкілетті органдар жас мамандарды инвестициялық жобалардағы жұмыс орындарымен қамту үшін нәтижелі шараларды қабылдауы қажет. Форум қатысушылары мен бизнес өкілдеріне ұсыныс ретінде айтарым, колледждер жанындағы оқу орталықтарының жұмысын өндірістік қажеттіліктерге сай оңтайландырып, инвестициялық жобалар аясында құрылатын жаңа жұмыс орындарына қажетті мамандарды қайта даярлау, тағылымдамадан өткізу бойынша бірлескен шешім қабылдауымыз қажет. Қажет болған жағдайда, оқу бағдарламаларын жаңартып, сұранысқа сай жаңа мамандықтар ашуға дайынбыз. Бұл ретте сіздердің қолдауларыңыз – табысты нәтиженің кепілі, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Мұнан кейін сөз алған облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың көбейіп бара жатқанын, бұл мәселеге барлық мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар бірігіп күресуі тиіс екенін айтты. Прокурор құқықтық тәрбиенің мектеп қабырғасынан басталуы керектігін ерекше атап өтті.
– Жұмыссыз жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу – біздің басты назарымызда. Осы бағытта біз өңірдегі колледждермен тығыз жұмыс жүргізіп келеміз. Атап айтқанда, прокурорлардың бастамасымен және қолдауымен Т. Рысқұлов, Сарысу, Байзақ, Қордай, Талас, Меркі, Шу аудандарында және Тараз қаласында жас мамандарды жұмыспен қамту мақсатында кәсіпкерлер мен колледждер арасында 52 меморандумға қол қойылды. Кешенді және кезең-кезеңімен атқарылған бұл жұмыстардың нәтижесінде осы жылдың басынан бері 150-ден астам колледж түлегі өз мамандықтары бойынша өңірдегі ірі кәсіпорындарға жұмысқа орналастырылды. Осыған ұқсас шаралар кәмелетке толмаған жасөспірімдерге қатысты да қабылдануда. «Заң және тәртіп» идеологиясы аясында жүргізілген құқықтық түсіндіру жұмыстарының арқасында сауда мен қоғамдық тамақтану салаларында жұмыс істеп жүрген жасөспірімдер мен кәсіпкерлер арасында 105 еңбек шарты заңды түрде рәсімделді. Балалар арасында заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстары да оң нәтижесін беріп отыр. Нақты айтқанда, биыл облыс бойынша жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық деңгейі 42,1 пайызға төмендеп, 38 жағдайдан 22-ге дейін қысқарды. Бұл маңызды іске прокуратура мен құқық қорғау органдарының ардагерлері де белсене қатысуда. Олар өз өмірлік тәжірибелерін мысалға ала отырып, мектептер мен колледждерде лекциялар, факультативтік сабақтар өткізіп, балаларға заңға бағыну қағидаттарын сіңіруде, – деп атап өтті Нұрғалым Әбдіров.
Келелі кездесуде сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облысы бойынша өкілі Еркін Қуанышев сөз алып, жас ұрпақты келеңсіз жағдайлардан қалай алып қалуға болады, олардың жат ағымның жетегінде кетіп, арбалуын алдын-алу үшін қажетті іс-шаралар жүргізу керектігі жөнінде баяндады.
Форумда жұмыссыздық мәселесі де кеңінен қозғалды. «НДФЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директоры Адиль Алиев жастарды еңбекке баулу арқылы оларды қылмыстық ортадан аулақ ұстауға болатынын атап өтті. Бұл ретте, кәсіпорындар мен оқу орындары арасындағы байланыс нығайтылуы тиіс деген ұсыныс айтылды.
Форумда сол секілді №7 Бетқайнар колледжі директоры Гүлнар Алимбаева, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі директоры Саясат Есеев, Жамбыл политехникалық жоғары колледжі директоры Асхат Картаков сөз сөйлеп, білім мекемесінде құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша атқарылып жатқан шаралар, жастарды әлеуметтік ортаға бейімдеу, мамандыққа баулу және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру жайын баяндады. Олар студенттердің жұмысқа орналасудағы қиындықтары туралы мәселе көтеріп, бұл бағыттағы кешенді қолдау шаралары қажет екенін жеткізді.
Жиын барысында қатысушылар өңір колледждерінің маман даярлау әлеуетімен танысып, түлектерді жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
Форум соңында облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров бүгінгі талқылаудан түйген ұсыныстар алдағы жұмыс жоспарында ескерілетінін айтып, қоғам болып бірігіп әрекет етудің маңызын баса айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша өңір кәсіпорындарында студенттердің тәжірибеден өтуі және кейіннен жұмысқа орналасуы бойынша бизнес өкілдері мен білім беру мекемелері арасында 15 меморандумға қол қойылды.