Жамбыл жаңалықтар

Таразда «Тәртіп алды – еңбек, бала тәрбиесі – міндет» атты ауқымды форум өтті

The final spritzer

Жиынға облыс әкімі қатысты

«Шахристан» кешеніндегі көрме залында «Тәртіп алды – еңбек, бала тәрбиесі – міндет» атты ауқымды форум өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Жиынға аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев қатысты. Форумды ашқан облыс әкімі жастар тәрбиесінің мемлекет болашағы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.

Облыс әкімінің айтуынша, қазіргі уақытта 17 661 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Сонымен қатар, 1 315 азаматты кәсіптік оқытумен қамту көзделіп, оның 203-і бүгінде оқыту курстарына жолданыпты.

Мұнан кейін сөз алған облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың көбейіп бара жатқанын, бұл мәселеге барлық мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар бірігіп күресуі тиіс екенін айтты. Прокурор құқықтық тәрбиенің мектеп қабырғасынан басталуы керектігін ерекше атап өтті.

Келелі кездесуде сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облысы бойынша өкілі Еркін Қуанышев сөз алып, жас ұрпақты келеңсіз жағдайлардан қалай алып қалуға болады, олардың жат ағымның жетегінде кетіп, арбалуын алдын-алу үшін қажетті іс-шаралар жүргізу керектігі жөнінде баяндады.

Форумда жұмыссыздық мәселесі де кеңінен қозғалды. «НДФЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директоры Адиль Алиев жастарды еңбекке баулу арқылы оларды қылмыстық ортадан аулақ ұстауға болатынын атап өтті. Бұл ретте, кәсіпорындар мен оқу орындары арасындағы байланыс нығайтылуы тиіс деген ұсыныс айтылды.

Форумда сол секілді №7 Бетқайнар колледжі директоры Гүлнар Алимбаева, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі директоры Саясат Есеев, Жамбыл политехникалық жоғары колледжі директоры Асхат Картаков сөз сөйлеп, білім мекемесінде құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша атқарылып жатқан шаралар,  жастарды әлеуметтік ортаға бейімдеу, мамандыққа баулу және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру жайын баяндады. Олар студенттердің жұмысқа орналасудағы қиындықтары туралы мәселе көтеріп, бұл бағыттағы кешенді қолдау шаралары қажет екенін жеткізді.

Жиын барысында қатысушылар өңір колледждерінің маман даярлау әлеуетімен танысып, түлектерді жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.

Форум соңында облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров бүгінгі талқылаудан түйген ұсыныстар алдағы жұмыс жоспарында ескерілетінін айтып, қоғам болып бірігіп әрекет етудің маңызын баса айтты.

Кездесу қорытындысы бойынша өңір кәсіпорындарында студенттердің тәжірибеден өтуі және кейіннен жұмысқа орналасуы бойынша бизнес өкілдері мен білім беру мекемелері арасында 15 меморандумға қол қойылды.