Таразда тойханалардың жұмыс істеуіне қатаң тыйым салынды
- авторjambylinfo.kz
- 12 қазан, 2020
- 292
Бүгіннен бастап Тараз қаласында карантин шаралары күшейтілгені белгілі. Осыған орай, бас санитарлық дәрігердің қаулысы бойынша енді кафелердің жұмысы түнгі сағат 00.00-де тоқтатылады. Ал мейрамханалардың жұмысына мүлде шектеу қойылды. Бұл жайында Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев әкімдікте кәсіпкерлермен өткен жиында баян етті.
– Осы таңға дейін қанша ескертсек те тығылып той жасап келгендер болды. Алайда күні кеше тағы 12 жаңа мобильдік топ құрылып, енді тексеріс жұмыстары күшейтілетін болады. Бұл менің шығарып отырған бұйрығым емес. Коронавирус індеті әлемдік пандемия сипатын алғандықтан барлығымыз тәртіпке бағынуымыз керек. Сонда ғана өзіміз бен жақындарымыздың өмірін қорғай аламыз.
Өздеріңіз көріп отырғандай мектептер де белгілі шектеумен жұмыс жасап жатыр. Егер бәрі жақсы болса неге балаларымызды мектепке бермейміз? Осыдан-ақ түсінсеңдер болады. Сондықтан арқаны кеңге салмай барша бизнес өкілдерін тәртіпке бағынуға шақырамын,- деді қала әкімі.
Жиында мейрамхана иелеріне де сөз беріліп, олардың дені тойхана жұмысын тоқтатпауды, 80 адаммен үш сағаттық кештер өткізуге рұқсат сұрады. Алайда қала басшысы бұған рұқсат жоқ екенін бірден айтты.
Енді бір тойхана иесі өздері дәрігер жалдап, қонақтарды жіті тексерістен өткізе алатындықтарын ұсынғанымен, қала әкімі оған да рұқсат берілмейтіндігін жеткізді.
«Енді бала-шағаны қалай асыраймыз?» деген бизнес өкілдеріне болса, Айтқазы Қарабалаев тойхананы түнгі сағат 00.00-ге дейін жұмыс жасайтын кафе үлгісіне ауыстыруды ұсынды. Немесе қала әкімдігіне келсе, жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша басқа жұмыс тауып беруге дайын екендіктерін жеткізді.
Саян Тілеужан
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз