Тараздағы көшеге дала академигі Жазылбек Қуанышбаевтың есімі берілді
Тараздағы көшеге дала академигі Жазылбек Қуанышбаевтың есімі берілді
Ағымдағы жылы екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығы кеңінен аталып өтуде. Мойынқұм ауданының тумасы Данқты шопанның мерейтойы аясында Тараз қаласында Жазылбек Қуанышбаевтың бейнесі суреттелген барельефі мемориалдық тақтаның, «Ауыл шаруашылығы» скверінің салтанатты ашылуы өтті.\ Оған ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, өңір басшысы Бердібек Сапарбаев, ардагерлер, Ж.Қуанышбаевтың туыстары қатысты. Саябақ «Таразға тарту» жобасы аясында ауыл шаруашылығы және ветеринария саласы өкілдерінің қолдауымен абаттандырылған. Ол облыс әкімінің бастамасымен екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың есімі берілген көшенің бойында орналасқан.
Аймақ басшысы жаңадан ашылған сквердің қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының бірі болатынына сенім білдірді. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев те жиналғандарды құттықтады.
Мойынқұм аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Болат Сатыбалдиев атақты қойшы Жазылбек Қуанышбаев туралы естеліктерімен бөлісті. - Жаз-ата бейнеленген барельеф пен саябақтың ашылуы біздің кездің нағыз батырын еске түсіреді. Бұл Жаз-ата ғана емес, ауыл шаруашылығы саласының барлық ардагерлеріне, қарапайым шаруаларға көрсетілген құрмет деп білемін. Ел және облыс басшылығына көрсетілген құрмет пен ықылас үшін алғыс айтамыз. Табандылығымен, еңбегімен бүгінгі игіліктерді қамтамасыз етіп кеткен тұлғалардың есімін жас ұрпақ білуі тиіс, - деді ардагер.