Тараздағы Құмшағал тұрғын алабында мәдениет үйі ашылды
- авторМағжан Орынбасар
- 24 қыркүйек, 2025
- 410
Тараз қаласындағы Құмшағал тұрғын алабында жаңа мәдениет үйі ел игілігіне берілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Салтанатты шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, тұрғындарды мәдениет ошағының ашылуымен құттықтады.

- Бүгін біз Тараз шаһарының тарихына тағы бір жарқын бет қосатын ерекше сәттің куәсі болып отырмыз. Баршаңызды жаңа мәдениет үйінің салтанатты ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Мәдениет – халықтың рухани қазынасы, өнер – ұлттың жүрек үні. Екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз қаласы – ежелгі өркениеттің алтын бесігі, қазақ руханиятының қайнар көзі. Бүгін бой көтерген мынадай еңселі мәдениет ошағы – сол бай дәстүріміздің жалғасы, болашаққа сенімді қадамымыздың айғағы. Мемлекет басшысының қолдауының арқасында өңірімізде мәдениет саласы қарқынды дамып келеді. Бүгінде облыс аумағында 500-ден астам мәдениет мекемесі халыққа қызмет көрсетуде. Биыл бұл салаға 16,3 млрд. теңге бөлініп, жаңа жобалар іске асырылуда, - деді аймақ басшысы.
Бұдан соң жаңа нысанның қызыл лентасын қиылып, жиналғандар мәдениет үйінің ішін аралады.
Жаңа нысанның сыйымдылығы 140 орынға шақталған. Жалпы аумағы 430 шаршы метрді құрайды. Мұнда хореография залы, балаларға арналған үйірме бөлмелері, кітапхана, гардероб, қызметкерлерге арналған бөлмелер бар.
Сондай-ақ, бұл ғимаратта 12 орындық оқу залы мен кітапхана бар, кітап сақтауға арналған сөрелер, қойма бөлмесі қарастырылған.
Айта кетейік, былтыр облыста 20 мәдениет нысанының құрылысы басталып, 8-і пайдалануға берілді. Ал биыл 16 нысанға қаржы қарастырылып, 4-і ел игілігіне берілмек. Сонымен қатар жыл соңына дейін тағы 6 нысан жергілікті тұрғындарға есігін айқара ашады.






