Тараздағы түрмеде сотталғандар толықтай жұмыспен қамтылған ба
- авторМағжан Орынбасар
- 12 ақпан, 2025
- 291

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №58 мекемесінде сотталғандарды жұмыспен қамтуға қатысты маңызды жиын өтті,- деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Басқосуға мекеменің еңбекті ұйымдастыру бөлімінің қызметкерлері, РМК «Еңбек-Тараз» кәсіпорнының өкілдері, сондай-ақ мекеме аумағында өз кәсібін жүргізіп отырған жеке кәсіпкерлер қатысты.
Жиын барысында негізгі мәселе – жеке кәсіпкерлердің жұмыс орындарын мекеменің өндірістік аумағында орналасқан «Еңбек-Тараз» кәсіпорнының теңгеріміндегі ғимараттарға көшіру мәселесі талқыланды. Бұл қадам сотталған азаматтардың жұмыспен қамтылу деңгейін арттырып, олардың еңбек дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.
Мекеме бастығының орынбасары, әділет майоры Бекен Калимбетов жиынды ашып, жеке кәсіпкерлерге жұмыс орындарын көшірудің тәртібі мен талаптарын түсіндірді. Оның айтуынша, бұл өзгеріс өндіріс орындарын бір жерде шоғырландырып, еңбек процестерін тиімді ұйымдастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге қажетті жағдай жасалып, өндірістік ғимараттар «Еңбек-Тараз» кәсіпорнының теңгерімінде болатыны атап өтілді.
Жиын барысында кәсіпкерлер де өз пікірлерін білдіріп, көшіру процесіне қатысты сұрақтарын қойды. Өзара талқылаудан кейін тараптар жұмыс орындарын көшіру бойынша нақты қадамдарды белгіледі.
Сотталғандарды жұмыспен қамту – олардың әлеуметтік бейімделуіне және қоғамға қайта қосылуына ықпал ететін маңызды факторлардың бірі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.