Тараздағы түзеу мекемесінде нашақорлыққа қарсы іс-шара өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 5 қыркүйек, 2025
- 462
Жамбыл облысындағы №59 мекемеде нашақорлықтың алдын алуға бағытталған іс-шара өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бүгін, Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеуші азаматтар арасында нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына теріс көзқарас қалыптастыру мақсатында Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №59 мекемесінде арнайы волонтерлік іс-шара ұйымдастырылды.
Шараға Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Андрей Сухарев және аға жедел уәкіл, полиция майоры Айкерім Каукешова қатысты.
Іс-шара аясында қатысушылар жазасын өтеушілермен ашық форматта кездесу өткізіп, нашақорлықтың зиянды салдары, есірткіге тәуелділіктің адам өміріне тигізер кері әсері туралы айтты. Сонымен қатар, өмірлік қиын жағдайлардан шығып, бүгінде салауатты өмір салтын ұстанып жүрген бұрынғы сотталған азаматтар да өз тәжірибелерімен бөлісті. Олар түзету жолындағы нақты қадамдар туралы айтып, қатысушыларды оң өзгеріске ұмтылуға шақырды.
Волонтерлер салауатты өмір сүрудің маңыздылығын атап өтіп, жазасын өтеушілерді қоғамға бейімделуге, құқықбұзушылықты тоқтатуға және қайта қылмысқа бармауға үндеді.
Іс-шара соңында волонтерлер мекеме әкімшілігіне ұйымдастыру жұмыстары үшін алғыс айтып, алдағы уақытта да осындай кездесулердің жалғасатынына сенім білдірді.
Айта кетейік, мұндай алдын алу шаралары ҚАЖ жүйесі мекемелерінде тұрақты түрде өткізіліп, жазасын өтеушілердің әлеуметтік оңалуына және қоғамға бейімделуіне оң ықпал етуде.






