Таразда әйелдер денсаулығына арналған форум өтті
Іс-шараның мақсаты – әйелдердің денсаулығын қорғау, профилактикалық мәдениетті арттыру
«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының Әйелдер қанаты Тараз қалалық Отбасын қолдау орталығымен бірлесіп әйелдер денсаулығына арналған форум өткізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Іс-шараның мақсаты – әйелдердің денсаулығын қорғау, профилактикалық мәдениетті арттыру және әрбір әйелдің өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру.
Форумға ата-аналар, медицина саласының мамандары, жастар ресурстық орталығының өкілдері, ЖОО мен колледж студенттері, мектеп басшылары, педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтар қатысып, 300-ден астам адам қамтылды.
Форумды ашқан өңірлік Әйелдер қанатының басшысы, облыстық мәслихат депутаты Айман Әшімова әйел денсаулығы – тек медициналық емес, әлеуметтік әрі рухани құндылық екенін атап өтті.
Іс-шара барысында репродуктивті денсаулық, тегін медициналық тексерулер мен скринингтер, МӘМС аясындағы профилактикалық қызметтер туралы кең көлемде ақпарат берілді.
Форум нақты ұсыныстар айтылып, маңызды мәселелер талқыланған пайдалы диалог алаңына айналды.