Таразда жүргізуші куәлігін жасауға уәде берген ер адам ұсталды
Таразда жүргізуші куәлігін жасауға уәде берген ер адам ұсталды
Тараз қаласының Полиция басқармасына облыс орталығының екі тұрғыны бөгде ер адамның сенімдеріне кіріп, жүргізуші куәлігін дайындауға жәрдем көрсету сылтауымен олардың 425 000 және 80 000 теңге көлеміндегі ақшалай қаражатын алдап, иемденіп кеткендігі туралы шағымданды. Алайда жәбірленушілерге уәде етілген қызмет көрсетілмеген, ақша қайтарылмаған. Осы дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының барысында Алматы облысының 32 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды. Тергеу барысында күдіктінің тұрғындарға теориялық және тәжірибелік емтихандарсыз жүргізуші куәлігін алуды ұсынғаны анықталды. Оған қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылды. Жамбыл облысының Полиция департаменті жүргізуші куәліктерін дайындау тәртібі мен ережелері www.egov.kz ресми интернет-ресурста орналастырылғанын және тек уәкілетті орган беретінін еске салады. Жеке тұлғалардан жүргізуші куәлігін жасау туралы мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі хабарландырулар алаяқтық болып табылады. Жалған құжаттарды сатып алғаны үшін ҚР заңнамасына сәйкес жауапкершілік қарастырылған.