Жамбыл жаңалықтар

Таразда жаңадан құрылған су шаруашылығы және ирригация университеті биыл жұмысын бастайды

Мұнда 1 қыркүйектен бастап студенттер қабылданады

Тараз қаласында жаңадан құрылған су шаруашылығы және ирригация университеті өз жұмысын бастайды. Тиісті қаулыға ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
 Биылғы сәуір айында ҚР Президенті жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңесте Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Тараз гидромелиоративтік-құрылыс институтын тиісті материалдық-техникалық қамтамасыз ету арқылы қалпына келтіру шараларын қабылдауды тапсырған болатын. Осылайша, арнайы оқу орны су шаруашылығы мен ирригация жүйесі үшін жоғары білікті кадрларды тұрақты түрде даярлайтын болады. 
 ҚазҰСШИУ-да «Су шаруашылығы және мелиорация», «Геодезия және картография», «Су шаруашылығындағы гидротехникалық құрылыс», «Сумен жабдықтаудың инженерлік жүйелері», «Су шаруашылығындағы инновациялық технологиялар» атты жаңа білім беру бағдарламалары енгізілетін болады. Сонымен қатар, 1 қыркүйектен бастап жаңа ЖОО студенттер қабылдай алады деп жоспарланып отыр.
  ҚазҰСШИУ-ға 2024-2025 жылдарға 245 орынға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысының нысаналы квотасы бакалавриатқа – 210, магистратураға – 20, докторантураға – 15 бөлінді. Білім беру цикліндегі жалпы контингент саны 4 000 білім алушыны құрайды.