Таразда жаңадан тіркелген кәсіпкерлік нысандардың саны 5 981 бірлікке артты
- авторМағжан Орынбасар
- Бүгін, 16:19
- 44
Биыл Тараз қаласында жаңадан тіркелген кәсіпкерлік нысандардың саны 5 981 бірлікке артты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Орынбеков брифингте айтты. Оның сөзінше, 2025 жылдың қаңтар-қазан айының қорытындысымен Тараз қаласында жалпы 49 867 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген.
- 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жаңадан тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік нысандардың саны 5 981 бірлікке артты. Ағымдағы жылы шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылған азаматтар саны 76 683 адамды құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9,5 пайызға және өндірілген өнім көлемі 400,8 млрд. теңгені құрап, 17 пайызға өсті, - деді әкім.
Сонымен қатар биыл «Бірыңғай кешенді» кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы және «Өрлеу» бағдарламасы аясында «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы Тараз қаласы бойынша 19,8 млрд. теңгеге 131 жоба қаржыландырылды.
Атап айтсақ,
- Пайыздық ставкаларды субсидиялау тетігімен 7,6 млрд. теңгеге 31 жоба;
- «Банк кредиттері бойынша кепілдік беру» құралы арқылы 3,3 млрд. теңгеге 72 жоба кепілдендірілді;
- «Өрлеу» бағдарламасы аясында 4,7 млрд. теңгеге 28 жоба қаржыландырылды.
Жыл басынан 6 мейрамхана мен кафе, 21 дүкен, 2 монша, 6 қонақ үй, 10 сауда орталықтары, 4 ойын сауық орталықтары және 1 дәріхана ашылып, қызметін бастады.





