Таразда жаппай тәртіпсіздіктерге 2 мыңға жуық адам қатысқан
Таразда жаппай тәртіпсіздіктерге 2 мыңға жуық адам қатысқан
Таразда аппарат кеңесі өтіп, оның барысында ҚР Президентінің өзекті проблемаларды шешу бойынша берген нақты тапсырмалары қаралды. «Зардап келген нысандарды қалпына келтіру бойынша нақты тапсырмалар берілді. Құрылыс жұмыстарының сапасын қадағалауды, коменданттық сағат талаптарының орындалуын қамтамасыз ету қажет», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев. Өңір басшысы жаппай тәртіпсіздіктерге 2 мыңға жуық адам қатысқанын атап өтті. Қазіргі уақытта 269 араңдатушы ұсталды. «Қоғамдық тәртіп бұзушыларын анықтау операциясын жалғастыру керек. Бұл бағытта аудандар мен ауылдар әкімдіктері, полиция қызметкерлері тығыз жұмыс істеуі тиіс. Өңірдегі ахуалға қатысты ақпарат күнделікті жаңартылып отыр, оларға өңірлік шұғыл штабтың отырыстарында талдау жасалады», - деді Б.Сапарбаев. Жамбыл облысының басшысы коммуналдық қызметтердің жұмысы іркіліссіз болуын талап етті. «Президент коммуналдық тарифтер, бензин, газ, азық-түлік бағаларының бағасын реттеу бойынша нақты тапсырма жүктеді. Азық-түліктің қажетті қорын қамтамасыз ету қажет», - деді Бердібек Сапарбаев өзінің орынбасарлары мен басқармалар басшыларына қарата.