Таразда жастар арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған спорттық турнир өтті

Турнирге білім беру ұйымдарының, жоғары оқу орындарының және жастар ұйымдарының командалары қатысып, жеңіске жету үшін бақ сынасты.
Жамбыл облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бірлесіп, жастар арасында нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында спорттық турнир ұйымдастырды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жарыс барысында қатысушылар өздерінің жоғары деңгейдегі ойын техникасын, стратегиялық ойлау қабілетін және мықты командалық әрекетті көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды «Баймаш ата» командасы, 2-орынды «Тараз-Ғасыр» колледжі, 3-орынды Тараз политехникалық колледжі иеленді. Сонымен қатар, жеке номинациялар бойынша үздік ойыншы атағы Әділет Оңалбековке, үздік қақпашы Кенесары Қайратұлына, үздік қорғаушы Еділ Алтынбекке берілді. Барлық жүлдегерлер мен үздік ойыншылар грамоталармен, медальдармен, кубоктармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.
Жарыс аясында жастарды салауатты өмір салтына бейімдеу, спорт арқылы жағымды әлеуметтік орта қалыптастыру, күш пен ептілік сияқты маңызды қасиеттерді дамыту, сондай-ақ тұрақты өмірлік құндылықтарға бағдар беру мәселелері де көтерілді.