сенбі, 16 қараша, 2024 6:18

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Таразда Жазылбек Қуанышбаевқа арналған республикалық конференция өтті

Таразда Жазылбек Қуанышбаевқа арналған республикалық конференция өтті
ашық дереккөзі
Таразда Жазылбек Қуанышбаевқа арналған республикалық конференция өтті
Жамбыл облысында 2014-2020 жылдар аралығында «Алтын асық» бағдарламасы арқылы 210,0 мың бас қой сатып алынса, соңғы бес жылда 3,9 мың тонна қой еті экспортталды. Бұл туралы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығына арналған бірінші Республикалық ғылыми-тәжірибиелік конференциясында айтылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «Республикалық мал өсірушілер слеті-2021» шарасы аясында өткен конференцияға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев және Премьер-Министр Кеңсесі, Шымкент қаласының, Алматы, Қызылорда, Түркістан облысы әкімінің орынбасарлары, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері мен Тараз өңірлік Университетінің профессор - оқытушы құрамы қатысты. Шараның ашылуында облыс әкімі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы жолдаған хатын қатысушыларға таныстырды. Мемлекет басшысының хатында Жазылбек Қуанышбаев – еліміздің мал шаруашылығын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан даңқты шопан екендігі, көп жылғы ерен еңбегінің арқасында аса танымал тұлғаға айналғандығы айтылған. Сонымен қатар, Таразда тұлғаға лайықты құрмет көрсетіліп, барынша дәріптеліп жатқанын құптарлық қадам деп бағалап, мұндай шаралар әсіресе, жас буынды атакәсіпке адал болуға үндеп, өнімді еңбек етугежігерлендіретіндігін атап өткен Мемлекет басшысы конференция жұмысына сәттілік тілеген. Бердібек Сапарбаев жиынның маңыздылығына тоқталып, Елбасы мен Мемлекет басшысының қолдауының арқасында ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған бірқатар ірі мақсатты бағдарламалар жүзеге асырылып, оң нәтижелер беріп жатқанын айтты.
 - «Еңбек – ер атандырады»  деген нақыл сөз дәл «Дала академигі»,  «Малшылардың    маршалы» атианған, бүкіл ғұмырын ақтылы қой өсіруге арнаған,  өңірдің гүлденіп, көркеюіне үлкен үлес қосқан Жазылбек Қуанышбаевқа арнап айтылғандай.Ол жарты ғасырдай адал еңбегімен шалғайда жатқан ауданның атын аспандатып, мерейін көтерді. Оның даңқы кешегі Одақ көлеміне дейін белгілі болып, облыстың   ғана  емес,   барша қазақстандықтардың мақтанышына айналды. Қырқыншы жылдардың басында қаракөл қойын өсіру қолға алынғанда, Жазылбек Қуанышбаев  онымен алғаш айналысқандардың бірі  еді. Аға шопанның, әсіресе, соғыс кезіндегі еңбегі елге ерекше үлгі болды,- деген аймақ басшысы данқты шопанның игі ісін бүгінгі жерлестері де жалғастырып жатқанын жеткізді.
Қазіргі таңда облыста қаракөл қой шаруашылығын дамыту мақсатында 3 қаракөл қой шаруашылығына бейімделген қожалық ұйымдастырылды. Осы саладағы жетекші ғалымдармен бірге қойды қолдан ұрықтандыру технологиясы пайдаланылуда. Өңірдегі мал саны 4,0 миллион басты құрап, 4,5 пайызға артқан. Ұсақ мал басы 3,7 пайызға өсіп, 3 435,5 мыңға жеткен. Биыл қаржы институттары арқылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 1 271,0 миллион теңгеге 29,7 мың бас қой сатып алынған.
- Бүгінгі күні агроөнеркәсіп кешені саласының алдына қойылған міндет көп. Соның бірі – ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған өнімдер өндірісін ұлғайту, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және осы саладағы еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру,- деді облыс әкімі.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінде қаланған  жақсы негіз және көпжылдық тәжірибенің арқасында короновирус пандемиясына байланысты дағдарысқа қарамастан салада тұрақты жағдай сақталып отырғандығын тілге тиек етті. «Қазақстан фермерлер одағы» қауымдастығының президенті Жигули Дайрабаев, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Әбдірахман Омбаев, Атырау облысының кәсіпкері Назерке Кусесова да сөз алып, орамды ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
- Мен үшін Жазылбек Қуанышбаев қой шаруашылығы қызметкерлерінің алтын стандартын, еңбекқор шопандардың негізін қалап кеткен адам.  Өзінің ерең еңбегімен  қой бағудың берекелі іс екенін дәлелдеген біртуар азамат. Қазіргі заманда көпшілік қой бағудың қиындағанын, тіпті, тиімсіз болып қалғанын алға тартады. Жүн де, тері де сұраусыз қалған соң, бабаларымыз айтқандай, қой бағудың пайдасы «көл-көсір» болмай жатыр. Бірақ, Қазақстанның жері кең байтақ. Өнімнің өзіндік құны төмен болуы үшін жайылым жерлерді барынша тиімді пайдалануымыз қажет. Жазылбек атамыз қойды қалай бағу керегін көрсетіп кетті емес пе. Заман өзгергенімен, қойдың физалогиясы сол қалпында қалды, - деген Жигули Дайрабаев бұл салада жаңа технологияларды игеріп, бұрынғы қой бағу дәстүрлерімізбен  үйлестіріп, әлеуетті барынша арттыру керектігін айтты. - Жазылбек Қуанышбаев Қазақстандағы қой шаруашылығын дамытуда көп еңбек сіңірген тұлға. Ол елімізде алғаш рет өзінің шаруашылығында қолдан ұрықтандыру әдісін енгізген. Ата кәсіпті дамытуға айрықша үлес қосқан абыз ақсақал бұл іске жастарды баулу, тәрбиелеу жолында көп еңбек ете білді.
Бұл конференция Жаз-атаның тәжірибесін насихаттап, таратуда, сол арқылы қой шаруашылығын дамытуға ықпал етуде маңызы зор болады деп ойлаймын. Жамбыл облысының ауыл шаруашылығындағы әлеуеті жоғары. Оны тиімді пайдалана білген жергілікті билік пен халық салаға оң серпіліс беруде. Мал санының өсімі соның бір дәлелі,-деп атап өтті ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Әбдірахман Омбаев. Қонақтар өңірдегі оң өзгерістерді, шараның ұйымдастырылуын жоғары бағалап, облыс басшылығына алғыс білдірді. Конференция барысында«Жалпақ жұрттың Жаз атасы» кітабының тұсауы кесілді.  
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар