Тараздықтар ҰОС ардагерлеріне құрмет көрсетті
Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңіске 81 жыл толып отыр. Бұл — ерлік пен елдік рухты ұлықтайтын, бейбіт өмірдің қадірін терең сезіндіретін ерекше мереке. Сұрапыл соғыс жылдарында Отан үшін от кешкен ардагерлердің жанқиярлығы мен қайсарлығы кейінгі ұрпақ үшін әрдайым өнеге болып қала береді.
Осыған орай Тараз қаласында Жеңіс күніне арналған тағылымды іс-шара ұйымдастырылып, соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жыл сайынғы дәстүрге сай қала тұрғындары мен әскери қызметкерлер майдангерлердің шаңырағына арнайы барып, ақжарма тілектерін жеткізді.
Мерекелік шара барысында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери оркестрі майдан жылдарындағы әндерді орындап, ерекше көңіл-күй сыйлады. Әуенге толы әсерлі сәттер майдангерлердің ғана емес, жиналған жұртшылықтың да көңілін толқытты. Сонымен қатар Тараз әскери гарнизонының сарбаздары сап түзеп, әскери шеру ұйымдастырды.
Іс-шара аясында майдангерлер Шалданбай Шанбаев, Геннадий Иванов және Иван Макеевқа Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, әскери авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың құттықтау хаты табысталды. Құттықтау хатта ардагерлердің Отан алдындағы ерен еңбегі мен өшпес ерлігіне шынайы ризашылық білдіріп, олардың батырлық жолы жас ұрпаққа әрдайым үлгі екені атап өтілген.

Ал, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Бақытжан Саламатұлы қарт жауынгерлерге Отан қорғау жолындағы ерлігі үшін алғысын білдіріп, зор денсаулық және ұзақ ғұмыр тіледі.
Ардагерлер көрсетілген құрметке өз алғыстарын жеткізіп, жастарға бейбіт өмірдің қадірін білуге және ел бірлігі мен тыныштығын сақтауға шақырды.

Сонымен қатар қауіп-қатерге толы соғыс жорықтарынан аман өтіп, бүгінгідей бақытты сәтке жетуіне майдандас достарының ықпалы болғанын тілге тиек етті.
Айта кетейік, бүгінде біздің өңірде Қызыл әскер жауынгерлерінің тек үшеуінің ғана көзі тірі. Олар — Шалданбай Шанбаев, Геннадий Иванов және Иван Макеев.
Жеңіс күні — тек мереке ғана емес, өткенге тағзым етіп, майдангерлердің ерлігін ұлықтайтын маңызды күн. Жамбыл жұртшылығы дәл осы күні батыр буынға деген құрметтің биік екенін іс жүзінде тағы бір дәлелдеді.