Татуировканың зияны туралы: Жамбылдағы түзету мекемесінде тәрбиелік шара өтті
- авторБақытжан Бекболат
- 4 тамыз, 2025
- 445
Жамбыл облысындағы №58 мекемеде сотталғандар арасында тәрбиелік фильм көрсетілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №58 мекемесінде сотталған азаматтарды тәрбиелеу және оңалту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі ретінде мекеменің Сотталғандармен әлеуметтік-тәрбиелік және психологиялық жұмыс жөніндегі (САТжӘПЖЖ) бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Мен татуировкаға қарсымын» тақырыбында көркем фильм көрсетілді.
Шараның басты мақсаты – сотталғандар арасында татуировкаға деген теріс көзқарас қалыптастыру, оның салдарлары мен өмірге тигізетін зиянын түсіндіру. Фильм барысында татуировканың адам денсаулығына және оның әлеуметтік бейнесіне әсері жайлы кеңінен айтылып, көркем туынды арқылы нақты мысалдар көрсетілді.
Көрсетілімнен кейін бөлім қызметкерлері сотталғандармен еркін форматта пікір алмасып, сұрақтарына жауап берді. Қатысушылар фильмнен алған әсерлерін бөлісіп, өз ойларымен ортақтасты. Көптеген азаматтар мұндай тәрбиелік іс-шаралардың маңыздылығын атап өтіп, алдағы уақытта да осындай кездесулердің жиі ұйымдастырылуын қолдайтындарын білдірді.
Мекеме әкімшілігі бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті. Мақсат – жазасын өтеушілерге оң тәрбие беру арқылы оларды қоғамға бейімдеп, қайта әлеуметтендіру.






