Жамбыл жаңалықтар

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында дөңгелек үстел отырысы өтті

Жыл басынан бері қалада 100-ге жуық эковолонтер тіркелген

Бүгін Таразда «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында  «Таза өлке» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Дөңгелек үстелге экология саласының мамандары, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің студенттері қатысты.

«Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Абзал Есіркеповтың сөзінше, жыл басынан бері қалада 100-ге жуық жас эковолонтер болып тіркелген. Бұл бойынша түсіндіру жұмыстары наурыз айына дейін жалғасады.

Жиында Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің «Әлеуметтік – гуманитарлық пәндер» ПЦК оқытушысы, тарих-география пәндерінің мұғалімі Гүлжанат Оразымбет «Таза Қазақстан» акциясының маңыздылығын айта келе, жастарды қоршаған ортаға жанашыр болуға үндеді.

Айта кетейік, бүгінгі күні Таразда 500-ге жуық жас табиғат жанашыры бар. Олар «Жасыл-ел» еңбек жасақтарымен бірлесіп жұмыс атқарады. Жалпы, былтыр 5 мыңға жуық жас «Таза Қазақстан» акциясы аясында қаланы тазалау шараларына қатысты.