Тікелей сұрақтарға, тікелей эфирде жауаптар берілді
Тікелей сұрақтарға, тікелей эфирде жауаптар берілді
Сарысу ауданының әкімі Бақытжан Жақсылықов фейсбук әлеуметтік желісі арқылы тікелей байланысқа шығып, тұрғындардың сауалына жауап берді. Әлеуметтік желінің тікелей эфирін тиімді пайдаланған әкім аудан тұрғындарына бүгінгі ахуалды айтып өтті. - Сарысу ауданында 176 адамның коронавирус індетін жұқтырған жағдай тіркелген болатын. Бүгінгі таңда 176 науқас сауығып шықты. Есепте тұрған науқастар жоқ. Барлық науқастар дерттерінен айықты. Ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап індет жұқтырғандар тіркелмеген. Алайда, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирустың жаңа толқыны қазан айында болатынын атап өткен болатын. Бұл мәселе бойынша жаңа іс-шара жоспарлары бекітілетін болады. Сондықтан карантин режимін қатаң сақтап, санитарлық талаптардың орындауға шақырамын,-дей келе ағымдағы жылдың 14 тамызындағы «Жамбыл облысы аумағында шектеу іс-шараларын кезең-кезеңмен әлсірету туралы» №32 қаулыға сәйкес атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті. Содан соң жаңа оқу жылына қатысты аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Ілия Алшынбайұлы Баймағанбетовтың баяндамасы тыңдалды. Сондай-ақ әкімге тікелей байланыс барысында әлеуметтік сипаттағы жол жөндеу, қаланы абаттандыру мәселелерін көтерген азаматтар да өз пікірлерін білдірді. Технологияның жаңашыл мүкіндігін пайдаланып арнайы уақыт бөліп, тұрғындардың сауалдары мен өтініштеріне құлақ түрген аудан басшысына алғыс білдіргендер де болды. Бақытжан Алпысұлы өз кезегінде әр сауалға толыққанды жауап беріп, аймақта індеттің алдын алу жұмыстары уақытылы жүргізіліп жатқандықтан алаңдауға негіз жоқ екенін жеткізді. Аудан әкімі онлайн сұқбатты қорытындылай келе өңір тұрғындарына амандық тілеп, кеш түскен сауалдар да жауапсыз қалмайтындығын жеткізді.