Тоқаев: Біз жастарға жаңа мүмкіндіктер беруіміз керек
- авторjambylinfo.kz
- 13 шілде, 2023
- 185
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік аппарат қызметін оңтайландыру туралы тапсырмасына сәйкес, облыс әкімі аппарат басшыларының басқару жүйесіндегі мәртебесі мен рөлі күшейтілгені белгілі. Сәйкесінше, облыс әкімі аппаратының басшылары мемлекеттік саяси қызметшілер санатына ауыстырылды. Яғни, ендігі таңда өңірлердегі идеологиялық мәселелер облыс әкімі аппараты басшысының тікелей назарында болмақ. Осы тұста облыс әкімі аппаратының басшысы Мәди Мәтен аймақ ардагерлерімен және зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, мәселелерін тыңдады.
Өз сөзінде Мәди Мейірбекұлы Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында берген тапсырмаларына тоқталды.
– Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында ұлттық құндылықтарды дәріптеу мәселесін қозғап, «Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі. Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз», деп өзекті мәселеге мән беруді баса атап өтті. Ендігі таңда алдағы бағытымыз қандай болады, жастар тәрбиесінің басы-қасында жүрген өздеріңізбен қандай жұмыстарды айқындаймыз, ұлттық кодымызды сақтап қалу үрдісін жаңа формацияда дамып келе жатқан қоғаммен қалай ұштастырамыз, осы мәселелерді талқылау үшін арнайы жүздесіп отырмыз. Әрине, идеология тек дін немесе тіл мәселесімен ғана шектелмейді. Идеологияның басты мақсаты – елді тұрақтылыққа, ауызбіршілікке ұйыту, – деді өз сөзінде облыс әкімі аппаратының басшысы.
Мұнан соң облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев сөз алып, ұлағат ұстаханасына айналған ұйымның атқарған жұмысы мен алдағы жоспарларын, өзекті мәселелерін айтып өтті. Айтуынша, қазіргі таңда ардагерлерді сауықтыру, олардың жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету мәселесі толыққанды шешілмеген. Оған қоса өзге өңірлердегідей аймақта «Белсенді, ұзақ өмір» орталығы жоқ екен. Тіпті жаңадан құрылған Ұлытау облысында да осындай орталық бар көрінеді. Осының салдарынан ардагерлер жазғы уақытта бассейндерге де кіре алмайды. Шипажайлар да қолжетімсіз. Осындай мәселелермен ардагерлер кеңесі былтыр облыстық мәслихатқа 23 ұсыныс жолдапты.
Басқосу барысында «Жаңару» жалпыұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалыс» РҚБ облыстық филиалының төрағасы Қасымхан Төлендиев жастарға құқықтық тәрбие беру арқылы сауатын ашуға басымдық беруді алға тартты. Жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы жалпы идеологияға емес, ұлттық идеологияға басымдық берудің маңыздылығына тоқталды. Ол үшін қазақтың әдебиеті мен мәдениеті, спорты мен театры көпке үлгі болуы қажет екенін айрықша атап өтті.
Осы тұста демалыс күндері Шахристан мен Тектұрмас маңында, халық көп шоғырланатын жерлерде ұлттық ән- күй шырқалып, жаз бойы ұлттық мұраларымыз ұлықталса деген ұсынысын жеткізді. Оған қоса облыстан балалар ақын-жазушыларының жинағын шығару арқылы өскелең ұрпаққа саналы тәрбие берудің маңызы зор екенін айтты. Ал, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов аймақта баспасөзге жыл сайын мемлекеттік тапсырыс артқанымен, жазылым азайып бара жатқанын атап өтті.
«Бәзбіреулер газетке жазылуды қылмыстай көреді. Елдің, жастардың сауаты төмен дейсіздер, әрине төмен болады. Өйткені, олар кітап тұрмақ, газет-журнал да оқымайды. Ұрпаққа тәрбие беретін ұстаздар да, тіпті мемлекеттік қызметкерлер де баспасөзге жазылмайды. Сондықтан көптеген мемлекеттік қызметшілер ел алдында сөйлегенде екі сөздің басын құрай алмайды. Әрине, ешкімді белден басып жаздыруға болмас. Бірақ өңір шежіресін жазып келе жатқан баспасөзден қол үзбегеніміз абзал», деді ол.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Асқарбек Сейілхан әлеуметтік желілердегі жастарды арандатушыларға нақты шаралар қолдануын сұрады. Жалпы, басқосу барысында ардагерлердің әлеуметтік мәселелеріне қатысты бірқатар мәселелер айтылды.
Жиын соңында Мәди Мейірбекұлы аталған барлық мәселені жіті назарына алып, міндетті түрде олардың шешімі қарастырылатынын, ұрпақ тәрбиесі жолында зиялы қауым өкілдерімен әрдайым рухани әріптестік байланыста жұмыс жасалатынын жеткізді.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз