жексенбі, 24 қараша, 2024 4:36

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Тоқаев: Мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыру керек

Тоқаев: Мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыру керек
ашық дереккөзі
Тоқаев: Мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыру керек
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларынан туындаған міндеттердің жүзеге асырылуы аса маңызды. Өйткені Жолдауда атап көрсетілген мәселелер ел экономикасының қарышты дамуын, халықтың жағдайының жақсаруын, Қазақстанның әлемде беделді, бәсекеге қабілетті болуын көздейді. Мәселен, Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз», – деп айтқан еді. Бүгінде Жолдау жүктеген міндеттің бірі – мүгедектігі бар азаматтар мен аз қамтылған отбасыларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсету. Оның ішінде мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету – өңірімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік саясаттың жемісті жұмысының нәтижесі. Мұндай санаттағы азаматтарға қолайлы орта қалыптастыру ісінің облыс көлемінде жүзеге асырылу барысын сөз етсек, бұл бағыттағы шаруа талапқа сай атқарылып жатыр. Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, аймақ бойынша 45 601 мүгедектігі бар адам тіркеліпті. Оның ішінде І топтағылардың саны 4 361 болса, ІІ топтағылар – 16 794. Ал өңірімізде ІІІ топқа жататын 17 622 азамат бар екен. Әулиеаталық тұрғындардың ішінде 6 824-і 18 жасқа дейінгі мүгедектігі барлар санатында болса, бұл облыс халқының 3,7 пайызын құрайды. – Басқарманың сан салалы жұмысының негізгі бағыттарының бірі – мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалту шараларымен қамтамасыз ету. Мүгедектігі бар адамдар үшін өмірде кездесетін қиыншылықты жеңіп шығу оңай емес. Сондықтан да мемлекет тарапынан олардың әлеуметтік мәртебесін көтеру, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын түзеу, қоғамдық ортаға бейімделуіне жағдай жасау бағытында арнайы шаралар жүзеге асырылуда. Мүгедектігі бар адамдардың өзін-өзі қарап-күтуіне, өз бетімен өмір сүру мүмкіндігіне қол жеткізуіне немесе олардың отбасылық және қоғамдық өмірдің үйреншікті жағдайларына қайта оралуына жағдай жасауда арнайы оңалту құралдарының маңызы айрықша. Бүгінгі таңда мүгедектігі бар адамдарды қажетті арнайы оңалту құралдарымен және арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету жұмыстары автоматтандырылған түрде Әлеуметтік қызметтер порталы ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі. Әлеуметтік қызметтер порталы – әлеуметтік-еңбек сала­сы­ның бірыңғай ақпараттық жүйесінің бір бөлігі. Өйткені мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсетуде олар оңалту құралдары мен қызметтерді тікелей жеткізушілерден өз таңдауы арқылы дербес сатып алса, сол әділетті болады. Осыған мүмкіндік беріп отырған осы автоматтандырылған жүйе екенін айта кетуіміз керек. Қазіргі таңда мүгедектігі бар адамдар аталған портал арқылы техникалық оңалту құралдарының барлық түріне және мемлекеттік мекемелердің арнаулы әлеуметтік қызметтеріне тапсырыс бере отырып, өз қажеттіліктерін ешқандай мекемеге бармай-ақ шешіп отыр. Әлеуметтік қызметтер порталы оңалту құралдары мен қызметтеріне тең қолжетімділікті, үйден шықпай-ақ «бір терезе» қағидаты арқылы уақытылы әлеуметтік көмек көрсетуді, сондай-ақ жеке қажеттіліктерді, жеткізушілер, әлеуметтік қызметкерлер мен мамандар туралы мәліметтерді есепке алуды қамтамасыз етеді. Бұл адал бәсекелестікті арттырып, әлеуетті өнім берушілердің оңалту құралдары мен қызметтерін іске асыруға қатысуының ашықтығына қол жеткізуде таптырмас тетік болып отыр. Ерекше қажеттілігі бар адамдар өзінің жеке оңалту бағдарламасында көрсетілген оңалту құралдары мен қызмет түрлерін электронды форматта дербес өзі қалаған өнім берушіден ерікті түрде таңдай алады. Арнайы оңалту құралдармен қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау мақсатында ағымдағы жылы 3,6 миллиард теңге қаражат бөлініп, тиісті аппараттар, бұйымдар алынуда, – дейді Гүлдана Әлімжанқызы. Осыдан бірер ай бұрын әлеуметтік қызмет­тер ұсыну порталында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке оңалту бағдарла­мала­рының орындалуы 89,6 пайызды құрапты. Бұл республикадағы ең алдыңғы көрсеткіш болып есептеледі екен. Өйткені республикалық орташа көрсеткіш – 81,3 пайыз. Порталда қазан айында 23 003 өтініш тіркеліп, оның 20 610-ы қанағаттандырылыпты. Қалғанының мәселесі қараша айында шешілген. Атап айтқанда, есту қабілетінің бұзылуын түзеуге және оның орнын толтыруға арналған 839 сурдотехникалық құралдар, мүгедектігі бар адамдардың көру қабілетінің бұзылуы салдарынан жоғалтқан мүмкіндіктерін түзеуге және олардың орнын толтыруға бағытталған 1 203 тифлотехникалық құрал алынған. Сонымен қатар мүгедектігі бар адамдардың белсенді және баяу жүріп-тұруына арналған 877 кресло-арба, аяқ-қолды немесе дененің басқа да мүшелерін алмастыратын, аурудың немесе денсаулыққа зақым келудің салдарынан организмнің бұзылған немесе жоғалтқан функцияларының орнын толтыратын 4 174 протез-ортопедиялық бұйымдар берілген. Мүгедектігі бар адамдардың денсаулық жағдайларын түзету үшін 3 057 санаторлы-курорттық емделу жолдамалары беріліпті. Сонымен қатар 10 460 мүгедектігі бар адам міндетті гигиеналық құралдармен және әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Оның ішінде табиғи физиологиялық мұқтаждықтарды және қажеттіліктерді қанағаттандыруға арналған 9 744 гигиеналық құрал алынып, еститін және естімейтін адамдар арасында делдалдық қызмет көрсетуге байланысты мүгедектігі бар адамдарға ымдау тілі маманының 496 қызметі ұсынылған. Жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды бірге алып жүру және объектілерге барған кезде көмек көрсету бойынша жеке көмекшінің 220 қызметі көрсетіліпті. Әлжуаз топтарға жататын балалар мен ересектерді әлеуметтік қолдаудың тағы бір бағыты – оларға медициналық-әлеу­меттік мекемелерде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету. Жыл басынан аталған басқармаға қарасты 18 медициналық-әлеуметтік мекемеде 2 224 адамға арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынылған. Атап айтсақ, 7 стационар жағдайындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында 1 256 қарт пен мүгедектігі бар адамға, 9 жартылай стационар жағдайындағы мүгедектігі бар азаматқа, балаларды оңалту және бейімдеу орталықтарында 704 мүгедекті бар адам мен балаға, 2 тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығында 264 адамға қызметтер көрсетілген. – Соңғы жылдары арнаулы әлеуметтік қызметтердің көлемі мен сапасын жақсарту мақсатында бұл қызметтерді ұсынатын мекемелердің желісін дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, 2020-2022 жылдары 101 орынға шақталған Талас, Т.Рысқұлов, Сарысу аудандарында мүгедектігі бар балаларды оңалту және бейімдеу орталығы, Талас ауданының Ақкөл ауылында 200 орындық жүйке ауруына шалдыққан мүгедектерге арналған стационар жағдайындағы орталық және Қордай ауданында 15 орындық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы ашылды. Бүгінгі күнге мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту және бейімдеу орталықтары Тараз қаласында және Жамбыл, Т.Рысқұлов, Меркі, Шу, Қордай, Талас және Сарысу аудандарында ашылған. Соңғы үш жылда аталған орталықтарда 909 бала оңалту шараларымен қамтылды. Соның нәтижесінде 185 бала бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілді. Атап айтсақ, 18 бала өздігінен отыра алу жағдайына ие болса, 19 бала еңбектеді. 24 бала жетек арбамен жүруді үйренсе, 21 бала өздігінен жүре алады. 45 бала сөйлей бастаса, 58 бала өзіне-өзі қызмет көрсетуді меңгерді. Сонымен қатар 1 бала колледжге оқуға түссе, 14 бала мектепке және 3 бүлдіршін балабақшаға барды. Бұл жағдай көптеген отбасыларына қуаныш сыйлады. Осы жылы Тараз қаласында «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығын» және «Аутизмі бар балаларды қолдау орталығын» ашу жоспарланып, ол сәтімен жүзеге асты. Оның алғашқысы зейнет жасындағы азаматтарды қайта әлеуметтендіру үшін қолжетімді жағдайлар жасауды, оларға әлеуметтік-тұрмыстык, әлеуметтік-медициналық, әлеу­меттік-еңбек, әлеуметтік-психологиялық, әлеу­меттік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық қызметтер көрсетуді көздейді. Ал екіншісі аутизмі және басқа да психикалық бұзылыстары бар балаларға туындайтын әлеуметтік проблемаларды шешуге және олардың басқа азаматтармен тең дәрежеде қоғам өміріне қатысуына мүмкіндіктер жасауға бағытталған қызметтер кешенін ұсынатын болады. Жақында Тараз қаласында 150 орынға арналған облыстық әлеуметтік оңалту орталығы ашылып, жұмыс істеп жатыр. Бұл орталықта мүгедектігі бар азаматтарды оңалту мен бейімдеудің толық жүйесі құрылып, оларды қоғамға әлеуметтендіру, жан-жақты әлеуметтік-медициналық, психологиялық және еңбекке баулу арқылы кешенді оңалту көмектері замануи оңалту құрылғылары арқылы көрсетілуде. Бір айта кетер жайт, 2021-2023 жылдары оңалту орталығында барлығы 881 мүгедектігі бар азамат оңалту шараларымен қамтылса, біз сөз еткен жаңа ғимаратта жылына бір мыңнан астам азаматтың оңалтудан өтуіне толық мүмкіндігі бар. Әлеуметтік кодекске сәйкес жеке секторды ауылдық жерлерде қызметтердің сапасы мен қамтылуын жақсарту үшін мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қызмет көрсету жүйесіне тарту жұмыстары жүргізілетін болады. Сондай-ақ балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі «Балапан» бағдарламасы секілді мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсететін шағын әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына кезең-кезеңмен өту жоспар­лануда. Бұл мүгедектігі бар адамдарға, әсіресе ауылдық жерлерде арнайы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттырады, – дейді Г.Жауынбекова. Гүлдана Әлімжанқызы сөз еткен Сарысу ауданындағы мүгедектігі бар балаларды оңалту және бейімдеу орталығы ҚР Конституциясы күніне орай ашылған болатын. Осы орайда біз Сарысу ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тарапынан ауданда қолайлы орта қалыптастыруда қандай жұмыстар атқарылып жатқанына назар аудардық. Сарысу ауданы бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілетін көмек қызметін 1 411 мүмкіндігі шектеулі азамат алып отырса, оның ішінде бірінші топта 111 адам бар. Екінші топта – 451, үшінші топқа жататын азаматтар 624 адамды құрайды. Ал ерекше қажеттілігі бар бала саны – 225. Мүгедектігі бар азаматтардың ішінде жеке оңалту бағдарламалары бар адам саны 683 болса, олардың арасында 580 азаматтан өтініш түскен. – Есепті мерзімде 60 отбасындағы 65 мүгедектігі бар баланы үйде оқытуға жұмсал­ған шығындарды өтеу үшін 2,7 миллион теңге тағайындалып, 2,4 миллион теңге тө­ленді. Өткен жылдың қорытындысымен 66 отбасындағы 72 балаға 3,5 миллион теңге берілді. Қаралған қаржы көлемі – 4,8 миллион теңге. Үйде арнаулы қызмет көрсету жағдайында барлығы 187 азаматқа 25 күтім жөніндегі әлеуметтік қызметкер тарапынан қызмет ұсынылып келеді. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі 35 балаға, 18 жастан асқан психоневрологиялық аурулары бар 28 адамға, жалғызбасты 124 қартқа үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілуде. Бұл жұмыстарға бюджеттен 109,6 миллион теңге қаралып, есепті мерзімде 91,1 миллион теңгесі игерілді. 2022 жылы бөлім арқылы 50 мүмкіндігі шектеулі балаға, 18 жастан асқан 26 мүгедектігі бар азаматқа, 118 қартқа қызмет көрсетілген болатын. Ол үшін 99,3 миллион теңге қаржы жұмсалды. Есту қабілеті төмен мүгедектігі бар адамдарды ымдау тілі маманының қызметі­мен қамту үшін 5,4 миллион теңге бөлінсе, оның 2,1 миллион теңгесі республикалық, қалғаны жергілікті бюджет есебінен қаралды. Есепті мерзім ішінде 11 мұқтаж азамат қамтылып, 4 миллион теңге игерілді. Қызмет көрсетуші ұйым – «Сарысу Нұр Шапағат» мүгедектер қоғамы. Өткен жылдың қорытындысымен 9 мұқтаж азамат қамтылып, игерілген қаржы 3 миллион теңгені құраған еді. Міндетті гигиеналық құралдармен қамта­масыз етуге бөлінген қаражаттың көлемі 71,1 миллион теңге болса, оның 52,3 миллион теңгесі жергілікті, қалғаны республикалық бюджеттен алынып отыр. Есепті мерзімде 163 өтініш қанағаттандырылып, 55,7 миллион теңге игерілді. Кеңейтілген тізім бойынша, тиісті қосымша компенсаторлық құралдарға республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттер сомасы – 10,8 миллион теңге. Ауданда жеке оңалту бағдарламасы бар мүгедектер саны – 97. Бүгінгі таңда 95 жеке оңалту бағдарламасы бар мүгедек қосымша компенсаторлық құралдармен қамтамасыз етіліп, ол үшін 7,8 миллион теңге жұмсалды. Сурдо-тифлотехникалық құралдармен 49 мұқтаж азаматты қамтамасыз етуге бөлін­ген нысаналы трансферттер сомасы 4.4 миллион теңгені құрады. 15 адам тиісті 24 суррдоқұралмен, 13 сарысулық 25 тифлоқұралмен қамтамасыз етілді. Игерілген қаражат 3,5 миллион теңге болып отыр. Протез-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз етуге 15,9 миллион теңге бөлінді. Есепті мерзім ішінде 159 адамнан өтініш түсіп, 11,2 миллион теңге жаратылды. Кресло-арбалармен қамтамасыз етуге бөлінген қаражаттың сомасы 6,1 миллион теңгені құрайды. Бүгінгі күнге 30 адамның өтініші қанағаттандырылса, ол үшін 5,4 миллион теңге жұмсалды. Санаторлық-курорттық емделумен қамту үшін 26,1 миллион теңге қаралса, бүгінгі күнге 153 адам өтініш білдіріп, 146 адам қамтылды, – дейді Сарысу ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қанат Тілеубаев. Ауданда мүгедектерге «Шұғыла» мүгедек­тер қоғамы инватакси қызметін ұсынады екен. Аталған қоғамдық ұйым сапалы қызмет ұсынуы үшін 9,5 миллион теңге бөлініпті. Есепті мерзім ішінде оның 7,7 миллион теңгесі игерілген көрінеді. Орта есеппен айына 48-52 азаматқа инватакси қызметі тұрақты көрсетіліп келеді екен. – Жартылай стационарлық жағдайда оңалту орталықтарында 40 адам емделіп қайтты. Әлеуметтік нысандарды мүгедек жандар үшін кедергісіз кіріп-шығуға бейімдеу жұмысы да ретімен жүзеге асырылып жатыр. Өйткені заңды тұлғалар мүгедектерге ортақ пайдаланылатын тұрғын үйлерге, қоғамдық және өндірістiк үйлерге, ғимараттар мен үй-жайларға кедергiсiз кiрiп-шығуына, еркiн бағдар ұстануы мен жүрiп-тұруына ұлттық стандарттарға сәйкес жағдай жасауға мiндеттi. 2023 жылы 15 нысанды бейімдеу жоспарланып, бұл жұмыстар қазіргі таңда толық атқарылды. Жыл басынан аудан бойынша 1 975 адамнан тұратын 669 отбасына 30,7 миллион теңге көлемінде қайырымдылық, демеушілік көмектер көрсетілді. 2022 жылы 518 отбасына 33 миллион теңге көмек көрсетілген еді, – дейді Қанат Шалбайұлы. Жаз айының соңында ашылған «Сарысу аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жұмыс жүргізудегі басты мақсаты – балалардың өмір сүру сапасын арттыру, өмірде кездесетін қиындықтарды жеңуге ықпал ету. Сонымен қатар жеке қажеттіліктерін ескере отырып, олардың жеке даму деңгейін арттыру, әлеуметтендіруге және кіріктіруге бағдарланған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету – мекеменің негізгі мақсатының бірі. Аталған бейімдеу орталығының директоры Назира Шалбаева мекеме жаңадан ашылға­нымен тиісті бағдарламалар аясындағы жұмыстар жалғасын тауып жатқанын сөз етті. – Қазір мүгедектігі бар балалар қоғамның әлеуетті белсенді топтары болып саналады. Бұл мақсатта мемлекет көптеген бағдарлама қабылдап, осындай санаттағы балаларға жағдай жасауда. Біздің орталық ауданда мүгедектігі бар балаларды қолдау және олар­дың қоғамда өз орындарын табуына қызмет көрсету мақсатында ашылды. Мұнда арнаулы әлеуметтік көмек көрсету стандартына сәйкес 8 бағыт бойынша қызмет атқарылады. Атап айтқанда, әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметті-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық және құқықтық бағыт бойынша қызмет ұсынылады. Орталықта балалар бөлек топтарға, яғни кіші және үлкен топқа бөлінген. Барлығы 25 балаға күндізгі уақытта арнайы әлеуметтік қызмет көрсету ісі күніне төрт сағаттан сегіз сағатты құрайды. Біріншісі – жеңіл және орташа дәрежедегі ақыл-ой кемістігінің, бөгде адамның көмегінсіз жүре алмайтын, қимылдарының бұзылу ауырлығына қарай өзіне өзі қызмет көрсете алмайтын, жеке күтімді талап ететін 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған. Ал екіншісі бойынша тірек-қимыл аппараты бұзылған 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет түрлері көрсетіледі. Орталық толығымен заманауи техника­лармен жабдықталған, бір жылда 35-40 балаға қызмет көрсетуге арналған. Балалар үйлерінен орталыққа арнайы көлікпен (инватакси) тасымалданады. Бүгінгі таңда орталық қызметін алып жатқандардың ішінде тірек-қимыл аппараты бұзылған, церебральді сал ауруы бар 10 бала және психоневрологиялық ауытқулары бар 15 бала бар, – дейді Назира Әсембайқызы. Мекемеде емдік денешынықтыру нұсқау­шыларынан, педагог-тәрбиешілерден, психологтан, музыка, еңбек жетекшілерінен, логопедтен және дефектологтан, дәрігер­лерден, аға медбикеден тұратын мамандар тобы әр баланың қабілеттері мен қажетті­ліктерін ескере отырып әзірлеген жеке бағдарлама аясында жұмыс істейді екен. Мекеменің жылдық жоспарына сәйкес мерекелік іс-шаралар, ертеңгіліктер және спорттық ойын-сауық кештері өткізілуде. Балаларды оңалту үшін емдік денешынықтыру мен массаждан басқа, ортопедиялық үстел­дерде, вертикализатор-тренажерларда, үлкен құрғақ бассейнде, физиотерапиялық жабдықта сабақтар өтеді екен. Мекеменің емдік денешынықтыру нұсқаушысы Жақсыгүл Байтөреева осы оңалту орталығы ашылғалы жұмыс істеп келе жатқанын сөз етті. Ол өзіне жүктелген міндетті қысқаша баяндап берді. – Емдеу және қалыпқа келтіру жұмысын жүргізудің мақсаты – құралдар кешенін кеңінен пайдалану жолымен балалардың жағдайын жақсарту. Емдік денешынықтыруға церебральді салдануы бар, әртүрлі аңғарымдағы ауыр, орташа және жеңіл деңгейдегі балалар қамтылуда. Ең әуелі, маман ретінде баланы бағалаймын. Оның бұлшықеттерінің күшін, қалай жүріп-тұратынын, отырып-жатқанын және басқа да іс-әрекетін екшеймін. Баланың бір позициядан екіншісіне ауысудағы шеберлігін бақылаймын. Яғни баламен жұмысты бастамас бұрын оның мүмкіндіктерін толық зерделеймін. Дәрігер қойған диагнозға және өзімнің алғашқы тексеруіме сүйене отырып, алға нақты функционалдық мақсаттар қоямын. Емдік денешынықтыру сабақтары жеке және топтық болып жүргізіледі. Емдік дене­шынықтыру және жаттығу терапия­сындағы қолданылатын оңалту әдістерін тиімді пайдаланып, оң нәтижелер шығаруға тырысамын. Мұндағы өзім секілді барлық мамандар білікті, тәжірибелі, өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарайды, – дейді Жақсыгүл Қубекқызы. Орталықты ашудың маңыздылығын ата-аналар айрықша сезінгенін айта кетуіміз керек. Көптеген ата-анаға бұл орталық үлкен көмек болып отыр. Қаракөз Дастанова есімді ата-ана: «Қызымның ем қабылдап жатқан күннен бергі жағдайы жөнінде өзімнің жеке пікіріммен бөліскенді жөн көріп отырмын. Ең әуелі, мекеменің ашылуына өз септігін тигізген атқамінер азаматтарға шексіз алғысымды білдіргім келеді. Аллаға шүкір, қызымның бүгінде жағдайы ауыз толтырып айтарлықтай дәрежеге жетті. Өз ісінің нағыз шеберлерінің араласуымен балам осындай деңгейге жетіп отыр деп ойлаймын. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деп қазақ бекерге айтпайды. Білікті мамандар өз ортамызда жүргенін мына орталық ашылғаннан кейін біліп жатырмыз. Біздің ауданымызда осындай мекеменің ашылуы сарысулықтар үшін көптен күткен қуаныш болды. Барлық атсалысқан азаматтарға, орталықтың әрбір қызметкеріне алғыс айтамын. Қазақстанның болашағы өсіп келе жатқан балалардың қолында. Сондықтан кез келген баланың мемлекет қамқорлығын көруі заңды. Осы орталықтың қызметін алған балалар ертең есейіп, елімізге сәл де болса үлес қосса, сол мемлекет үшін ең үлкен жетістік саналатыны даусыз», – деді. Жаңатас қаласының тұрғыны Айгерім Рахымжанова да өз сөзінде 5 жасар Қажымұхан Исмаил есімді баласының сөйлеу кемістігі бар екендігін, дәрігерлер патологияны екі жыл бұрын байқағандығын, содан бері Исмаил облыстық ауруханада тұрақты емделгендігін тілге тиек етті. Дегенмен баласы осы оңалту орталығындағы мамандардың қызметін алғалы бері сөйлеу кемістігі қалыпқа келе бастапты. – Орталықтың қызметін алып жатқанымызға үш ай болды. Қазір қызым Айарудан жақсы нәтижелер көріп жатырмыз. Ол өздігімен тамақ ішіп, алғашқы қадамдарын жасай бастады және балалармен қарым-қатынас орнатуды үйренді. Оңалту орталығында заманауи әдістерге негізделген, мамандандырылған көмек алуға болатындығы бізді қуантты. Орталықты басқарып отырған Назира Әсембайқызына және жүздері жылы, жүректері кең, мейірімді ұжым мүшелеріне ризашылығымды білдіремін, – дейді Жайылма ауылының тұрғыны Анар Маямерова. Біз орталықтың қызметіне деген ата-аналардың жылы пікірінен Сарысу ауданында мүгедектігі бар балаларға қамқорлық пен қолдау жасау бағытында нақты істер атқарылып жатқанын сезіне түстік.
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар