Жамбыл жаңалықтар

Тоғызкентте "Киіз үй" жаңа демалыс орны ашылды

Тоғызкент ауылында ел еңсесін көтеріп, ауыл ажарын арттырған тағы бір игілікті іс жүзеге асты.

Ауылдың 80 жылдық мерейтойына орай, сәулет өнерімен әрленген жаңа демалыс орны — «Киіз үй» салтанатты түрде ашылды.

Жаңа нысан Тоғызкент – Тараз бағытындағы жол бойында орналасқан. Мұнда келушілер бір сәт тынығып, табиғат аясында демалуға мүмкіндік алады. Қазақы нақышта безендірілген демалыс орнының басты ерекшелігі – ұлттық киіз үйдің бейнесін айнытпай салынған сәулеттік шешімінде. Бұл нысан ауылға көрік беріп қана қоймай, ұлттық құндылықты дәріптейтін мәдени белгіге айналды.

Демалыс орны — Түгіскен орта мектебінің 1977 жылғы түлектерінің тартуы. Олар туған жерге деген ілтипатын осындай игі іспен білдіріп, ауыл жастарына өнеге көрсетті.

Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.

Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов құттықтау сөз сөйлеп, «Киіз үй» бейнесінің қазақ халқының бірлігі мен рухани байлығын бейнелейтінін атап өтті.

Шара барысында Тоғызкент ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Төленді Еркінов пен 1977 жылғы түлектердің өкілі Сейітхан Құдайбергенов те сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарын мерейтоймен құттықтады.

«Киіз үй» демалыс орнының лентасын аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов, қоғамдық кеңес төрағасы Сахарап Қырғызбаев, ауыл ақсақалы Жансерік Майыров және ауылдың тумасы Есен Қарамолдаев салтанатты жағдайда қиды.

Ашылу рәсімінен кейін ауыл өнерпаздары мен тұрғындар демалыс орнын аралап, түлектерге алғыстарын білдірді.