Жамбыл жаңалықтар

«ТрансАлтай диалогы» – Қазақстан экономикасының жаңа мүмкіндігі

«ТрансАлтай диалогы» бастамасы бойынша «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» РҚБ филиалының директоры, Қоғамдық кеңестің мүшесі Қасымхан Төлендиев пікір білдірді.

«ТрансАлтай диалогы» бастамасы Қазақстан үшін экономикалық тұрғыдан аса маңызды жоба болмақ. Бүгінгі таңда еліміз транзиттік мүмкіндікті барынша тиімді пайдаланып отыр. «Бір белдеу, бір жол» бастамасының аясында Қазақстан арқылы өтетін жүктер көлемі жыл сайын артып келеді. Ал жаңа «ТрансАлтай диалогының» жүзеге асуы осы үрдісті жаңа деңгейге шығарады.

Бұл бастама Қазақстанның географиялық артықшылықтарын толық пайдалануға мүмкіндік береді. Солтүстік – Оңтүстік, Шығыс – Батыс бағытындағы дәліздер мен Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне қосымша Алтай аймағының әлеуетін игеру елімізге жаңа табыс көзін ашпақ. Сауда-логистикалық тізбектердің кеңеюі ауыл шаруашылығы өнімдерін, өнеркәсіптік тауарларды және шикізатты сыртқы нарыққа шығару жолдарын жылдамдатып, кәсіпкерлердің мүмкіндігін арттырады», – деді Қасымхан Төлендиев.

Қоғам белсендісі осынау халықаралық келісім елдің экономикалық әл-ауқатының артуына мол септігін тигізеді деп есептейді.

«Президент атап өткендей, тек «Бір белдеу, бір жолдың» өзі жылына 1,5 триллион доллар пайда әкеле алады. Демек, «ТрансАлтай диалогының» қосылуы бұл көрсеткішті одан әрі арттыруға ықпал етпек. Бұл – жұмыс орындарының көбеюіне, салық түсімдерінің өсуіне, аймақтық дамудың теңгеріміне жол ашады. Қазақстан үшін мұндай серіктестік жаңа дәуірдің экономикалық локомотиві болатыны сөзсіз», – деді Қасымхан мырза.