Жамбыл жаңалықтар

«TULPARCARD» қолданысқа енді!

«TULPARCARD» қолданысқа енді!

28 қыркүйектен бастап Тараз қаласында қоғамдық көліктер «TULPARCARD» электронды билет жүйесі арқылы қатынайтын болады. Бұған дейін сан мәрте кейінге  шегеріліп келген электронды жол жүру билетіне қатысты қазір бұқара арасында сан сауал туындауда. Осыған орай Тараз қаласы әкімінің орынбасары Асхат Есеналиев пен «Орталық диспетчерлік қызмет» ЖШС директорының орынбасары Мирас Сәдуақасов  өңірлік коммуникациялар қызметі  алаңында баспасөз мәслихатын өткізіп, жаңа жүйені жан-жақты түсіндірді.

- Бүгінде Тараз қаласында 10 тасымалдаушы компания 42 бағыт бойынша қызмет көрсетуде. Алайда әлемдік пандемияға байланысты автобустардың саны 270 бірлікке қысқартылды. Міне, осы қоғамдық көліктерде «TULPARCARD» электронды билет жүйесі қолданылатын болады. Бір картаның құны – 500 теңге. Қазір қолымызда Ресей мемлекетінен алдырылған 50 мың карта тұр. Ал негізгі қажеттілік 100 мың картаға туындап отыр. Сондай-ақ 73600 оқушыға карта әзірленуде.

Жол ақысын электрондық жол жүру картасы арқылы төлеу кезінде барлық жолаушылар үшін 65 теңге, мектеп оқушыларына 30 теңге болып бекітілді. Егер қолыңызда картаңыз болмаса, ересектер үшін 130, оқушылар үшін 65 теңге төлеуге тиіссіз.

 Қазір электронды карталар ірі сауд орындары мен арнайы ашылған  пунктерде сатылып жатыр. Осы таңға дейін 11129 билет сатылды.

    Жаңа жүйе болғаннан кейін жұртшылықтың жағдайын ойлап карта сатып алуға 1 апта уақыт беріп отырмыз. Одан кейін барлық қоғамдық көліктер тек электронды билет тәртібімен қатынайтын болады, - деді қала әкімінің орынбасары А.Есеналиев.

«Орталық диспетчерлік қызмет» ЖШС директорының орынбасары Мирас Маратұлы болса, брифингте электронды картаны қолдану тәртібін түсіндірді.

- Қазір жолаушылар тасымалдаумен айналысатын қоғамдық көліктерге электронды жол жүру  картасы арқылы төлем жасау үшін төлем қабылдаувалидаторлары мен терминалдар орнатылуда. Сондай-ақ кондукторлардың қолдарына да электронды төлем қабылдайтын құрылғы берілетін болады. 500 теңге сатып алған картаның ішінде бір реттік жол жүру құны, яғни 65 теңге бар. Одан кейін картаны толтыруға тиіссіз. Толтыруды Kaspi.kz немесе терминалдар арқылы жүргізуге  болады. Сондай-ақ плеймаркет арқылы «TULPARCARD» бағдарламасын ұлы телефоныңызға қондырып алып та төлемдер жасауға мүмкіндік бар. Төлемді картадан картаға да ауыстыруға болады. «TULPARCARD» бағдарламасына қоғамдық көліктердің маршрутында енгізіп қойдық. Алайда бұл тұста айта кетерлігі, оқушылар үшін электронды карта өзгеше дайындалады. Ол үшін ата-ана мектептен баланың оқитындығы туралы анықтама қағаз алып, оқушының ИИН мен жеке суретін карта дайындайтын пункке апаруы керек. Осы арқылы карта оқушының жеке басына 15 минутта әзірленіп береді.  Бұл картаны ата-ана өзінің «TULPARCARD» бағдарламасына тіркетіп, баласының қашан қай автобусқа отырғанын бақылай алады, - дейді серіктестік директорының орынбасары.

Жалпы спикерлердің  сөзінен  ұққанымыз электронды билет ақша айналымының ашықтығын сақтап ғана қоймай, балалар қауіпсіздігін қадағалау үшін де тиімді екен. Алайда Тараз қаласында орта есеппен 300 мың халық тұратынын ескерсек, «қолда бар 50 мың карта тұрғындарға жеткілікті ме?» деген орынды сұрақ туады.

  - Біз бұл мәселені жіті зерделедік. Қолда бар 50 мың картадан бөлек, тағы 50 мың карта сатып алынатын  болады. Одан бөлек 73 мың карта мектеп оқушыларына өткізіледі. Ал қалған тұрғындар шаһар шеңберінде өз көлігімен қатынап жүр деген есеп шығарылды. Бұл негізсіз емес. Себебі бүгінде Тараз қаласында 150 мың көлік тіркеуде тұр.

Жалпы «TULPARCARD» электронды жүйесін енгізу үшін қазынадан 94 миллион теңге қаралды. Сондықтан қала әкімдігі барлық жағдайға дайын тұр, - деген қала әкімінің орынбасары Асхат Қамқабайұлы журналистер сауалына басу айтты.

Бұдан кейін тілшілер  «бір картаны бірнеше адам қолдана ала ма?» деп сұрады.  Асхат Есеналиев бір картаны тек бір ғана адам қолдана алатындығын, тіпті баламыз үшін де төлей алмайтындығымызды жеткізді. Себебі оқушылар үшін жасалған арнайы карта тек сол төлем үшін арналған. Егер сізде карта болып, балаңызда болмаса, оған негізгі талап бойынша 65 теңге төлеуге тиіссіз. Алайда бұл тұста бір айта кетерлігі, егер досыңыз немесе әріптесіңізбен келе жатсаңыз картамен  валидаторға бір төлем жасағаннан кейін 20 минуттан соң төлемді қайталауға мүмкіндік бар.

  Тағы бір айта кетерлігі, бұған дейін әлеуметтік осал топтағы азаматтарға  жол жүру тегін болса, әкімдік бұл мәселені де қазір қарастыру  үстінде. Алайда Асхат Қамқабайұлы қоғамдық көліктерді жаңартып, түрлі жеңілдіктер қарастыру үшін жол жүру құны өсуі мүмкіндігін де жоққа шығармай отыр.

Саятхан Сатылғанов