Жамбыл жаңалықтар

Құқықтық тұрғыда сауатты болу – маңызды

Құқықтық тұрғыда сауатты болу – маңызды

Қазіргі таңда еліміздің алдына қойған аса маңызды міндеттің бірі – құқықтық мәдениеті жоғары, заңды құрметтейтін, гуманизм мен әділеттілік қағидаттары әрекет ететін құқықтық әрі азаматтық қоғам құру міндеті тұр. Ал бұл мақсатқа жету жолында қарапайым халықтың құқықтық санасы мен мәдениетінің, әлеуметтік және зияткерлік дамуының деңгейі жоғары болуы тиіс. Сондай-ақ өз таңдауын еркін қабылдаған және өз әрекеттері үшін дербес жауап беруге қабілетті болуы шарт.   Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауының бесінші бағдарын «Заң және тәртіп» деп атауы кездейсоқтық емес. Президент қоғамда заң үстемдігі болмайынша және азаматтардың құқықтары өз деңгейінде қорғалмайынша, құқықтық мемлекетті құра алмайтынымызды анық аңғарып, ел азаматтарының құқықтық сауатты болуы құқықтық тәрбие мен құқықтық мәдениетке байланысты екенін атап өтті.  

  • Қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажет. Осыған орай, қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып жасақтау керек. Қазылар жоғары білікті, адал, сондай-ақ, жемқорлықтан таза болуы қажет. Ең алдымен, барлық судьялардың мәртебесін теңестірген жөн. Олар өзінен жоғары тұрған әріптестеріне тәуелді болмауы керек. Келесі мәселе – құқық қорғау органдарын реформалау туралы. Бұл сала әрдайым қоғамның жіті назарында, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев бас құжатта.

  Жалпы, құқықтық сана дегеніміз не? Ең әуелі осыны анықтап алған жөн. Бұл - адамдардың іс-әрекетке немесе мемлекет тарапынан қабылданған заңға қатынасын білдіретін идеялар жиынтығы. Құрылымдық тұрғыдан құқықтық сана құқықтық психология және құқықтық идеология сынды екі негізгі элементтен тұрады. Құқықтық психологияның мазмұны – адамдарда қолданыстағы құқықтық нормаларға және оларды қолдану практикасына байланысты пайда болатын сезімдер, эмоциялар, тәжірибелер, көңіл-күйлер, әдеттер, стереотиптер. Ал құқықтық идеология – бұл құқықтық шындықты концептуалды, жүйеленген түрде көрсететін және бағалайтын құқықтық идеялардың, теориялардың, көзқарастардың жиынтығы. Мәселен, бұл қатарға Қазақстан Республикасына қатысты құқықтық идеологияның көздеріне Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасын жатқызуға болады.   Аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Әлібек Қарабаев жеке құрам қызметкерлері қарапайым халықтың құқықтық санасын оятып, құқық бұзушылықтардың алдын алуда ауқымды жұмыстарды атқарғанын айтады. Ол өз сөзінде, жергілікті тұрғындар арасында қылмысты болдырмау және алдын алу, қоғамның құқықтық мәдениеті мен сауаттылығын арттыру, тиісінше, орын алған қылмыстар мен құқық бұзышылықтарға барынша зерделеу жұмыстары жүйелі жүргізілген.  

  • Құқықтық тұрғыда сауатты болу – қоғамда заңның үстемдік құруына, азаматтардың қауіпсіз күн кешуіне зор септігін тигізеді. Сондай-ақ құқықтық сауаттылық – сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл бола алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да құқық қорғау қызметкерлері жүктеген міндеттің бірегейі де осы. Рас, бала тәрбиесінде отбасы мен мектептің рөлі айрықша. Өйткені, ата-анасы дұрыс тәрбие берсе, ұстаздары оң бағытқа жөн сілтесе жас буын өз жолынан адаспайды. Бүгінде тәртіп сақшылары білім беретін мекемелермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде. Мәселен, оқу ошақтарына арнайы барып, жоғары сынып оқушыларымен жиі кездесу өтіп тұрады. Мұндай жүздесулерде ең алдымен құқықтық сауаттылық жөнінде кеңінен айтылады. Біле білсек, құқықтық білімді бойына сіңірген жасөспірім заңды құрметтеп, оны орындауға талпынады. Осылайша, құқықтық сананың негізгі белгілері қалыптасады, - дейді Әлібек Қарабаев.

  Полиция полковнигі сондай-ақ жергілікті полиция қызметі бөлімшесі қызметкерлерінің жұмысына тоқталып өтті. Сөзіне сүйенсек, бұл бөлімнің жеке құрам қызметкерлері жемісті жұмыс атқарыпты. Аудан аумағында көшелер мен қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстардың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету мақсатында алдын алу жұмыстары ұйымдастырылып, бөлімшенің учаскелік полиция және ювеналдық полиция тобының инспекторлары көшелерде патрульдеу жұмыстарын жүргізген. Нәтиже де жаман емес. Жүргізілген алдын алу жұмыстары барысында аудан көлемінде 90 қылмыстық құқықбұзушылықтар тіркеліп, қылмыстың ашылуы 81,4 пайызды құраған. Сонымен қатар, отбасы-ошақ қасындағы құқық бұзушылықтар бойынша түскен шағым-арыздарға сәйкес тиісті шаралар қабылданған. Атап айтқанда, отбасында бұзақылық жасаған 20 азаматқа қатысты әкімшілік іс сотқа қарауына жолданған. Ал өзге сипатта қылмыс жасаған 124 адамға қатысты қорғау нұсқамалары шығарылып, есепке қойылған. Айта кетейік, есепке алынған бұл азаматтарды тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексеру әрі алдын-алу жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Өз кезегінде бұл жұмыстар әрбір отбасындағы тыныштық ахуалын қалыптастыруға өз септігін тигізіп отыр.   Жасыратыны жоқ, кез келген ел ішінде бір тентектің жүретіні анық. Тіпті, ішімдік пен есірткіге есі кететінде де кездеседі. Құқық қорғау қызметкерлері мұндай азаматтармен де профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Бір ғана мысал, маскүнемдер мен нашақорлар тарапынан орын алатын құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатындағы профилактикалық жұмыстарға немқұрайлы қараған бір азамат соттың үкіміне сай облыс орталығындағы маскүнемдерді емдейтін орталыққа орналастырылыпты. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жергілікті полиция қызметі бөлімшесі қызметкерлерінің міндеті. Мұндағы мамандар күре жолдың бойындағы қауіпті аймақтарда автопатрульдеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізеді. Жылдамдықты арттырып, жол ережелерін өрескел бұзған жүргізушілерді анықтап, қайғылы оқиғалардың алдын алуға күш салады. Десе де, заңға бағындай, авариялық ахуал тудыратын азаматтар азаяр емес. Ең өкініштісі, ажал құшқан адамдардың азаймауы. Мәселен, 28 жол-көлік оқиғасының салдарынан 20 азамат қайтыс болып, 46 адам жарақат алған.   Жасөспірімдердің тәрбиесі мен олардың қоғамдық ортадағы жүріс-тұрысы да учаскелік полиция инспекторларының үнемі назарында. Бұл мақсатта тәртіп сақшылары білім мекемелерінде жалпы – 124 кездесу өткізіп, жасөспірімдерге құқық және жол ережесі, экстремизм, суицид тақырыптарында түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Айта кетейік, жасөспірім балаларына дұрыс тәлім-тәрбие бермегендері үшін бір отбасы соттың шешімімен ата-аналық құқығынан айырылған. Анығында, әрбір ата-ана өз балаларына отбасында дұрыс тәлім-тәрбие берулері қажет. Жоғарыда келтірілген деректер ата-аналар қауымынан әлі де болса жауапкершілік жүгін терең сезінуді қажет етіп отырғанын анық аңғартады.