Қырғыз тарапы уағдаға қарамастан суды келісілген көлемде бермеуі мүмкін - вице-министр
Қырғыз тарапы уағдаға қарамастан суды келісілген көлемде бермеуі мүмкін - вице-министр
«Су аз болғанда 2021 жылғы вегетациялық кезең оңтүстік өңірлерде өте қиын өтті. Уақытылы қабылданған шаралардың нәтижесінде фермерлерді көп шығынсыз суармалы сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туды. Осы жылдың вегетациясы да қиын жағдайда өтеді. Алматы облысында суару алаңы 472 мың гектарды құрайды. Су ресурстарының тапшылығын азайту мақсатында облыс әкімдігі ылғал сыйымды дақылдардың, оның ішінде Балқаш ауданында күріштің 1 мың гектар егістігін төмендетуді жоспарлап отыр. Облыстың барлық су қоймалары жинақтау режимінде», - деді ол министрліктің алқа мәжілісінде. Оның атап өтуінше, Жамбыл облысы бойынша суару алаңы - 182 мың гектар. «Қырғыз тарапымен уағдаластыққа қарамастан, мемлекетаралық су объектілері бойынша келісілген көлемді толық алмау қаупі бар. Бұдан басқа, облыс бойынша суару желілерін қайта құру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Суармалы суды беру айналма каналдар арқылы жүзеге асырылатын болады. Бұл тиісінше судың жоғалуына әкеледі», - деді вице-министр. Осыған байланысты ол облыс әкімдігіне су үнемдеу технологияларын барынша қолдану, сондай-ақ суару технологияларын сақтау бойынша фермерлермен түсіндіру жұмыстарын жүргізу ұсынылғанын айтты. «Кезектілікті сақтай отырып, су айналымы әдісімен шаруашылықтар арасында су бөлу жұмысы жалғасады. Жалпы, осы екі облыс бойынша алдағы вегетация өткен жылдың деңгейінде өтеді деп жоспарланған», - деді Серік Қожаниязов.