сенбі, 23 қараша, 2024 4:15

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қызылабадтықтар неліктен есік алдына келіп тұрған газды тұтына алмай отыр?

Қызылабадтықтар неліктен есік алдына келіп тұрған газды тұтына алмай отыр?
ашық дереккөзі
Қызылабадтықтар неліктен есік алдына келіп тұрған газды тұтына алмай отыр?

«Жамбыл – адалдық алаңы» жоба­лық кеңсесіне Тараз қаласына қарасты «Қызыл Абад» иінінің тұрғындары әлеуметтік мәселелерін көтеріп, шағымданып келді. Тұрғындардың көкейіндегі түйінді тарқату мақсатында «ANTIКOR» орталығына жауапты сала мамандары шақырылып, бұқараның базынасы тыңдалды.

Ең алдымен аталған иіннің тұрғыны Қалдыкүл Туғанбаева көпшіліктің талап-тілегін жеткізді. – Биыл иінге көгілдір отын кіргізілгенімен құжатын әлі күнге рәсімдей алмай келеміз. Газдың құжаты болмағаннан кейін төлемді қайда төлерімізді білмей, тіпті «Бұл әрекетіміз заңға қайшы келіп жатқан жоқ па?» деген қорқыныш та бойымызды билейді. Бүгін сіздерден осы мәселенің анық-қанығын шешіп беруді сұрап келіп отырмыз. Одан бөлек иінде электр жарығы жиі сөнеді. Ауызсу жүйесі тартылмаған. Жол салынбаған. Қоғамдық көлік қатынамайды. Интернет желісі де іске қосылмаған. Осыған жәрдем тигізіп, бір шешімін тауып берсеңіздер, – деді иін тұрғыны. Жалпы, «Қызыл Абад» иіні Тараз қаласы аумағына кіргенімен бұл аймақты бүгінде шаһардың бір бөлігі деуге келмейді. Тұрғын көтерген сансыз мәселенің бірі көгілдір отын биыл иінге кіргенімен оның да бауы табылса, байлауы табылмай келеді. – Негізі, иінге газ жеке азаматтар мен «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы облыстық филиалы арасында келісімшарт негізінде жүргізіліп отыр. Сондықтан көгілдір отынға қатысты сауалға тиісті мекеменің мамандары жауап береді. Ал ауызсу мәселесіне келер болсақ, тіршілік нәрін тарту үшін сметалық құжаттар өткізілді. Алайда қаржы республикадан бөлінетіндіктен биыл, әлде келер жылы су кіреді деп нақты айта алмаймын. Жарық мәселесін де жақсы білеміз. Бірақ, оған да қаржы республикадан бөлінетіндіктен дәл қазір шешілетін уақытын айту қиын. Жолға тоқталсақ, біз көгілдір отын мен ауызсу құбырын жүргізіп бітпей иін көшелеріне жол сала алмаймыз. Қоғамдық көліктердің иінге қатынауына Тараз қаласы әкімдігі тарапынан шектеу қойылған жоқ. Алайда, тасымалдаушы компаниялар тиімсіздігін ойлап, аталған иінге қатынауға құлықты болмай отыр. Десе де, біз тасымалдаушы компанияларға субсидия қарау мәселесін қарастырып, бұл мәселені шешуге күш салып жатырмыз, – деді Тараз қаласы әкімдігі тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зият Тұрсынұлы. Ал «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы облыстық филиалы өндірістік техникалық бөлімінің басшысы Абыл Юсупов бар мәселені халық пен мердігерге қарай ысырып қойды. – «Қызыл Абад» иініне Үкімет тарапынан газ 2022-2023 жылдары кіреді делінгендіктен тұрғындарға ұсыныс жасалып, олар өз қаржысына газ жүргізуге келісті. Содан құрылысты бастап, қазір жоспарлы жұмыстың негізін «БайзақГазСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аяқтап болды. Ал құжаттарды бізге мердігер компания немесе тұрғындар өткізуі керек. Уақытты созып жүрген өздері. Әйтпесе біздің тараптан барлық тиісті жұмыстар атқарылып отыр, – деді А.Юсупов. Жалпы, кездесу барысында «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы облыстық филиалы өндірістік техникалық бөлімінің басшысына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев көгілдір отынды заңдастыру үшін 15 түрлі құжат жинап, халық сансыз есікті қағып әбігерге түсуі мәселесін төтесінен қойды. Алайда, Абыл Юсупов қазіргі таңда құжаттар топтамасы 5-ке дейін қысқарғанын айтып сендірді. Ал, газ құбыры не себепті жер үстімен жүргізілгеніне қатысты сауалды «БайзақГазСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі бағаның арзанға түскенімен түсіндірді. Нәтижесінде бір үйге көгілдір отын 310 мың теңгеге кіріп жатыр екен. Бұқара мен жауапты мекемелердің бетпе-бет кездесуінің соңында Равиль Қуанышбайұлы қызылабадтықтар көтерген мәселелердің департаменттің жіті назарында болатындығын айтып, жақын арада көгілдір отынның құжаттары заңдастырылмайтын болса, тапсырыс беруші мен мердігердің мәселесі заң шеңберінде қаралатындығын ескертті.

 

Саян Тілеужан

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар