Өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетілуде
Өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетілуде
«Foodfest-Taraz» фестивалінің жеңімпаздары марапатталды. Марапаттау рәсіміне облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.
Аталған фестивальді әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту аясында Тараз қаласының әкімдігі мен Жамбыл облысының іскер әйелдер қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырды. Оған «Бастау Бизнес» жобасы аясында өз кәсібін ашу үшін 580 мың теңге көлеміндегі грантқа ие болған 24 аспаз қатысты. Олар түрік, өзбек, қазақ және дүнген ұлттық тағамдарын дайындау шеберлігі бойынша сынға түсті.
Байқау қорытындысы бойынша «Жеңіс» саябағында ұлттық тағамдар көрмесі ұйымдастырылды.
Аймақ басшысы фестивальдің негізі мақсаттарының бірі кәсіпкер көп балалы аналарды қолдау және ұлтаралық бірлікті нығайту екендігін жеткізді.
- Облысымызда 80 - нен астам этнос өкілдері тұрады десек, оларға өз тілдерін, сондай-ақ тарихи және мәдени, тұрмыстық және аспаздық дәстүрлерін сақтап, дамытуға барлық мүмкіндік қарастырылған. Әр асүйдің өз шебері болады. Бұған біз фестиваль барысында көз жеткіздік. Барлық қатысушылар жоғары біліктіліктерін көрсетіп, дәмді тағам-өнімдерін дайындай білді. Фестиваль көпбалалы аналарға өз шеберліктерін көрсетуге тамаша мүмкіндік сыйласа, бұл өз кезегінде бизнесті дамытуға да серпін береді. Біз бұл игі шараны болашақта да жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Облыс саябақтарында мұндай іс-шаралар жиі өткені дұрыс. Коронавирустық пандемия көптеген кәсіп түрлеріне, солардың ішінде әсіресе қоғамдық тамақтану саласына да кері әсер еткені сөзсіз. Қазір ахуалдың жақсарып келе жатқаны қуантады, ал кәсіпкерлер осындай қиын кезеңде де бір-бірін қолдауға дайын, - деді Бердібек Машбекұлы.
Өз кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлерге тұрмыстық техникалар сыйлық ретінде үлестірілді.
Өңір басшысы колледж оқушыларының фестиваль жұмысына қосқан үлесін айрықша атап өтті. Жамбыл индустриалды-технологиялық колледжі, Жамбыл политехникалық жоғары колледжі, Тараз сервис және технологиялар колледжі және Тараз теміржол көлігі және коммуникациялар колледжінің студенттері өз жұмыстарын ұсынған.
Б. Сапарбаев оқуды аяқтаған балалар өз бизнесін дамытуға гранттар алуы қажеттігін баса айтты.