«Заң мен тәртіп» керуені: Шулықтарға құқықтық көмек көрсетілді
- авторМағжан Орынбасар
- 25 қараша, 2025
- 216
«Заң мен тәртіп» профилактикалық керуені Жамбыл облысының аудандарында жұмысын жалғастыруда, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Кезекті көшпелі кездесуі Шу ауданында өтіп, тұрғындарға құқықтық кеңеспен қатар іс жүзінде көмек көрсетілді.
Жұмыс форматы халықпен тікелей байланыс орнатуды, қолданыстағы заңнаманы түсіндіруді және азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беруді көздейді.
Кеңестер барысында отбасылық қатынастар, балалардың құқықтарын қорғау, цифрлық қауіпсіздік және дін тақырыбындағы сұрақтар көтерілді. Мамандар уәкілетті органдарға жүгіну тәртібін, қолдау алу тетіктерін және құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын түсіндірді.
Өтініштердің бір бөлігі жеке қабылданды, қосымша зерделеуді қажет ететін мәселелер бойынша салалық қызметтердің кейін де сүйемелдеуі қарастырылған.
Бағдарламаның тағы бір маңызды бөлігі аудандық Мәдениет үйінде өткен форум болды. Онда жастар, мекеме басшылары, мемлекеттік органдардың және қоғамдық ұйымдардың өкілдері жиналды. Қатысушылар қауіпсіздік, құқық бұзушылықтың алдын алу, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелерін талқылады.
Ұйымдастырушылар керуеннің тағы бір мақсаты – көрсетілетін қызметтердің шалғайдағы елдімекен тұрғындары үшін де қолжетімділігін қамтамасыз ету екенін атап өтті.






