Жамбыл жаңалықтар

«Заң және тәртіп»: Таразда «Ата заң – тәуелсіздік тұғыры» дөңгелек үстелі өтті

Іс-шара барысында спикер Зейнел-Нәби Сұлтанбаев қатысушылармен ерекше форматта жұмыс жүргізді

Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты «Жамбыл облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Заң және тәртіп» қағидаты аясында «Ата Заң – Тәуелсіздік тұғыры» атты дөңгелек үстел өткізілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Аталған іс-шараға Тараз гуманитарлық-техникалық колледжінің білімгерлері қатысып, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған мазмұнды кездесудің куәсі болды.

Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заң талаптарын құрметтеуге баулу, сондай-ақ қоғамдағы тәртіп пен жауапкершілік ұғымдарын терең түсіндіру болды. Ата Заң – ел тәуелсіздігінің тірегі, мемлекеттіліктің берік негізі екені кеңінен насихатталды.

Іс-шара барысында спикер Зейнел-Нәби Сұлтанбаев қатысушылармен ерекше форматта жұмыс жүргізді. Ол басты спикердің кешігіп жатқанын айта отырып, жиналған қауымды «бәріміз бір кемедеміз, алайда бұл кемеде капитан жоқ» деген астарлы оймен қызықтыра білді. Бұл мысал арқылы жастарды жауапкершілікке, ортақ мақсат жолында біріге әрекет етуге үндеді.

Осы идеяны жалғастыра отырып, «кемені жағаға аман жеткізу» мақсатында арнайы интерактивті ойын ұйымдастырылды. Білімгерлерге ақ парақтар таратылып, келесі мазмұндағы сұрақтарға жауап беру ұсынылды:

– «Спикер» деген кім?

– Спикердің артықшылықтары қандай?

– Ата Заң дегеніміз не?

– Заң мен тәртіп ұғымдарын қалай түсінесіз?

Қатысушылар өз ойларын еркін жеткізіп, қағаз бетіне түсірді. Іс-шара екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде жүргізіліп, білімгерлердің белсенділігі ерекше байқалды. Нәтижесінде, ең үздік әрі мазмұнды жауап берген қатысушылар іріктеліп, символикалық түрде «бас спикер» мәртебесіне ие болды. Бұл тәсіл жастардың көшбасшылық қабілетін оятып, олардың өз пікірін ашық жеткізуіне мүмкіндік берді.

Осылайша, танымдық әрі тәрбиелік мәні зор интерактивті бөлім дөңгелек үстелдің негізгі тақырыбы – «Ата Заң – Тәуелсіздік тұғыры» бағытындағы мазмұнды талқылауға ұласты.

Кездесудің келесі кезеңінде Жамбыл облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы Телемисова Қаракөз сөз алып, бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық мәселесіне тоқталды.

Өз баяндамасында спикер жеткіншектер арасында кең етек алып отырған буллинг мәселесін атап өтіп, оның психологиялық және әлеуметтік зардаптарына ерекше назар аударды. Сонымен қатар, түнгі уақытта ата-анасының қарауынсыз жүрген жасөспірімдерге қатысты қолданыстағы заң талаптары, мұндай жағдайларда қолданылатын әкімшілік-құқықтық шаралар және олардың салдары туралы жан-жақты түсіндірме берді.

Кездесу барысында білімгерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты әрі мазмұнды жауаптар алды. Еркін форматта өткен пікір алмасу алаңы жастардың құқықтық түсінігін кеңейтіп, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға ықпал етті.

Іс-шараның көркем бөлімі ұлттық өнермен сабақтасып, ерекше әсер сыйлады. Орталықтың «Ақберен» айтыскер ақындар және «Қаратау» жыр-терме үйірмелерінің шәкірттері сахна төрінде өнер көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Атап айтқанда, іс-шара үйірме жетекшісі, айтыскер ақын Дидар Аббасовтың арнауымен бастау алды. Жиынның көркемдік бөлімі жоғары деңгейде өріліп, қатысушыларға ерекше рухани әсер сыйлады.

Үйірменің шәкірті Сұлтанхан Даниал «Туған жер» әнін нақышына келтіре орындап, туған елге деген сүйіспеншілікті әсем әуен арқылы жеткізді. Ал Жасарасов Қанат «Ата Заң» тақырыбындағы өлеңін оқып, жастарды отансүйгіштікке, елдік құндылықтарды құрметтеуге және заңға деген жауапкершілікті сезінуге үндеді.

Іс-шара соңында Сәрсенбай Әбілқайыр қазақ күй өнерінің көрнекті өкілі Қазанғаптың «Бозжорғаның бөгелек қағуы» күйін шебер орындап, ұлттық өнердің тереңдігі мен тағылымын айқын көрсетті.

Қорытындылай келе, аталған дөңгелек үстел жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, заң мен тәртіп қағидаттарын насихаттауға және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі болды.

Заңға құрмет – елге құрмет екені тағы бір мәрте айқындалып, қатысушыларға үлкен ой салды.