Жүгенсіз жүк көліктерінің жолы бөгеле ме?
Жүгенсіз жүк көліктерінің жолы бөгеле ме?
Қазірден алдын алмаса ауыр жүк көліктері ауыл-аймақтың тас жолын талқандауда. Құрылыс материалдарын шамадан тыс тиеген техникаларға кейде құзырлы органдардың құрығы да жетпей жатады. Ал тонналап жүк тасыған ауыр техникалдардың салдарынан жол жабыны мен қоршаған ортаға келер зиян орасан. Тас жолдың асфальтін саз балшыққа айналдырғандар қыруар қаражаттың желге ұшуына да себепкер болып отыр. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығының» өңір бойынша филиалының инженері Тойшыбай Әлиахметовтің сөзінше, жүк көліктерінің жүктемесі тиісті құжаттағы стандарттардан да жоғары көрінеді. Білікті маман өз сөзінде ауыр жүк көліктерінің қозғалысын үнемі бақылау мүмкін емес екенін жеткізіп, салдарынан жол сапасының нашарлауы орын алатынын айтты. - Жолдардың тез бүлінуі ауыр жүк көліктерінің көбеюінен болып отыр. Жүкті шамадан тыс тиеген жүргізушілердің кесірінен жергілікті маңызы бар жолдар бұзылып жатыр. Ал жыл сайын жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Алайда, бұл жолдармен ауыр жүк көліктеріжиі жүргендіктен жол ақаулары пайда болуда. Талдау көрсеткендей, автожолдардың тез тозуы ауыр жүк көліктерінің ұлғаюына байланысты. Біз биылдан бастап орташа жөндеуге ведомстволық сараптама жүргізу үшін жобалаушылардан жобалық-техникалық құжаттамаға жүктерді тасымалдау үшін салмағы 15 тоннадан артық емес көліктердің жүруін талап етіп отырмыз, - дейді Т.Әлиахметов.