Жүзден жүйріктер марапатталды
Жүзден жүйріктер марапатталды
Тараз қалалық Ықылас Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінде сан салада самғап ұшып, жас та болса жетістіктерімен ел сенімін ақтап жүрген таланттар қала әкімінің арнайы сыйлығына ие болды. «Ел тірегі - жастар!» атты марапаттау шарасын құттықтау сөзімен ашып берген қала әкімінің орынбасары Алмас Сәдубаев тәуелсіз еліміздің үмітін ақтап жүрген сан қырлы жастарға сәттілік тіледі. Бұдан әрі аға буынның да ақ тілегі айтылды. Тәуелсіз еліміздің іргетасын қалап берген Елбасы, мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сенім артқан, үнемі қолдау көрсетіп, қамқорлық танытқан еліміздің нұрлы болашағы осындай талантты жастар. Ертең сіздер де тізгінді қолға алып, ел басқарасыздар. Біз аға буын әрдайым сіздерге тілеулеспіз. Біз тек қана сіздерге сенеміз. Ел ертеңі тәртіп, тәрбие, талантты бойға жиған өздеріңіз. Үздік атанып отырған жастардың жетістіктеріне шын жүректен қуаныштымын. Әрбір жетістік үлкен еңбекпен келеді. Араларында ақын да, инженер де жарқырап тұр. Марапаттарыңыз құтты болсын, —деді қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов. Інілік ізгі тілектің де тиегі ағытылды. «Жас инженер» номинациясымен марапатталған Азат Жаманқұл «Қазір білім мен біліктіліктің заманы. Талмай еңбек ететін дәуір. Қай заманда да елдің қозғаушы күші жастар екені анық. Сондықтан елімнің болашағы үшін аянбай тер төгуге әрқашан дайынмын» деп жалынды сөз айтты. Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі «Қазақстан-2020: Болашаққа жол» тұжырымдамасының аясында жастардың кәсіби өсуін ынталандыру, жыр, сәулет-құрылысын, инженерлік, кәсіпкерлік және волонтерлық қызметтерді дамытуға елеулі үлес қосқан жастарды марапаттау рәсімінде басқа да таланттар тасада қалған жоқ. Атап айтқанда «Жас кәсіпкер» номинациясымен - Арайлым Валихан, «Тазалық сақшысы» номинациясымен –Дархан Аршынбеков, «Жас ақын» номинациясымен – Нұрболат Жолдасбек, «Үздік волонтерлық ұйым» номинациясымен – «Жалын» волонтерлық қозғалысы, ал «Жас сәулетші» номинациясымен –Бек Қуанышев қала әкімінің арнайы сыйлығына ие болды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай қала әкімдігінің ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырған шара барысында жүзден жүйрік танылғандарға салтанатты түрде арнайы диплом мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.