Жаңа оқу жылына дейін 45,7 мың оқушыны интернетпен қамтамасыз ету қажет – Е. Жылқыбаев
Жаңа оқу жылына дейін 45,7 мың оқушыны интернетпен қамтамасыз ету қажет – Е. Жылқыбаев
Жамбыл облысы әкімдігінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың қатысуымен тікелей эфир өтуде. Онда Ержан Жұматұлы жаңа оқу жылына дайындық барысы және облыстағы эпидемиологиялық жағдай туралы туралы баяндап, жолданған сұрақтарға жауап бермек.
Облыс әкімінің орынбасары айтқандай, аймақтағы 234 715 оқушының 188,9 мыңы үйінде интернетпен қамтамасыз етілген. Жаңа оқу жылына дейін 45,7 мың оқушыны интернетпен қамтамасыз ету қажет.
– Облыста 130 елді мекенде интернет желісі мүлдем жоқ. Осы елді-мекендерде 123 мектеп орналасқан. Ондағы оқушы саны - 18,9 мың оқушы.
Жаңа оқу жылында интернеті жоқ елді мекендерде орналасқан 123 мектептің 76-сы дәстүрлі түрде оқиды, ал қалған 47 мектеп қашықтықтан оқитын болады, – деді Ержан Жұматұлы.
Осыған орай, "Қазақтелеком", "Транстелеком" және мобильдік телефон операторлары интернеті жоқ мұғалімдер мен оқушыларды интернет желісімен қамтамасыз ету мақсатында техникалық мүмкіндіктерді тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Сондай-ақ, қашықтықтан оқитын мектептердегі аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасының, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған отбасының балаларын интернетпен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 23 мың роутер сатып алынады.
Жаңа оқу жылын облыстағы 43 техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері 20 мыңнан аса студентпен өз жұмысын бастайды.
Қашықтықтан оқыту zhambyltipo.kz (42 колледж), dhmc.zhambyl.kz (1 колледж), сайттар арқылы жүзеге асырылады және Ватсап, Телеграм, Зум қосымшалары пайдаланылады.
Шалғай ауылда (шағын қалада) орналасқан контингенті 200-ден аспайтын 6 колледж (663 студент) штаттық режимде оқытатын болады.