Жаңа су қоймалары 30 мың гектардан астам суармалы алқапты ылғалмен қамтамасыз етеді
Жаңа су қоймалары 30 мың гектардан астам суармалы алқапты ылғалмен қамтамасыз етеді
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері қаралды. Жалпы өңірде коронавирусты жұқтырудың 20 223 жағдайы тіркелген, ал соңғы аптада жұқтырғандар саны 2,1 пайызға артқан. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, барлығы 485 980 тұрғын коронавирусқа қарсы вакцинаны қабылдаған. Бұл осы орайдағы жоспардың 84 пайызы. Егу науқанына қатысты жұмыстар Тараз, Шу, Мойынқұм аудандарында әлсіз жүруде. Вакцинация қарқыны төмен қалалық емханалар қатарында «Болашақ» ЖШС және «Даримет» ЖШС бар. Өңір басшысы барлық мемлекеттік органдардың нақты және үйлесімді жұмысын талап етіп, вакцинациялау жұмыстарын күшейту үшін барлық мүмкіндіктерді қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ, білім басқармасына мектептерде маска, кварц режимдері және желдету, дезинфекциялау секілді санитарлық талаптардың сақталуын бақылауда ұстауды жүктеді. Жиынның күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаев, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов баяндама жасады. Облыс жерүсті су ресурстарының шамамен 80 пайызын трансшекаралық Шу мен Талас өзендерінен алады. Жылдан жылға, қолданыстағы бұл екі өзендегі су бөлу ережесі бұзылып келеді. Орташа есеппен бізге Шу өзенінен 150 миллион текше метр су (40 пайыз) және Талас өзенінен 100 миллион текше метр су (17 пайыз) біздің жерімізге кем түсуде. Суармалы су тапшылығы мәселесін шешу үшін су шаруашылығы нысандарын тазарту, бетондау және жаңғырту бойынша кешенді және ауқымды жұмыстар жүргізілуде. 3 су қоймасын салу жоспарлануда. Қордай ауданында Ырғайты, Қалғұты, Байзақ ауданында Ақмола су қоймаларының құрылысы жүзеге асады. Бүгінгі таңда мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Қазыбек Бедебаев жаңа су қоймалары 34,5 мың гектар суармалы алқапты сумен қамтамасыз етеді деп сендірді. Еуропалық Қайта Құру және даму банкінің есебінен Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай және Меркі аудандарындағы су шаруашылығы нысандары қайта жаңғыртылуда.