Жаңа заң жарылқай ма?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 30 желтоқсанында «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңға қол қойды. Заң ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң күшіне енеді. Яғни қарызы бар азаматтар 2023 жылдың наурыз айынан бастап банкроттыққа арыз бере алады.
Аталған заң жеке тұлғалардың үш түрлі рәсімдерін қарастырады. Бірінші – соттан тыс банкроттық, екінші – сот банкроттығы, үшінші төлем қабілеттілігін қалпына келтіру бағыты бойынша жүргізіледі.
Мұнда соттан тыс банкроттыққа «Электрондық үкімет» веб-порталында электронды түрде және халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жазбаша, қағазбен наурыз айынан бастап өтініш қалдыра алады. Содан кейін ақпараттық жүйе арқылы борышкердің кіру критерийлеріне сәйкестігін анықтау мақсатында мүдделі мемлекеттік және басқа органдардың деректерімен автоматты түрде салыстыру жүргізіледі. Ал 5,5 миллион теңгеден асатын қарызы мен басқа да берешек түрі бар азаматтар сот банкроттығына жүгіне алады. Бұл рәсім барысында борышкердің мүлкі сатылады. Түскен қаражат белгіленген кезекпен кредиторлар алдындағы қарыздарды өтеуге жұмсалады.
Егер жалғыз тұрғын үй кепілзаты болса, онда кредитор оны соттың банкроттық рәсімі кезінде алуға құқылы. Ал жалғыз баспанасы кепілге қойылмаған болса, кредиторлар оны талап етіп ала алмайды. Мұндай жағдайда борышкердің өтелмеген сомалары оның заңдық нормаларына сәйкес есептен шығарылады. Сот банкроттығын қаржы басқарушылары жүзеге асырады. Олар – банкроттық рәсімін жүзеге асыратын әкімшілер, кәсіби бухгалтерлер, заң консультанттары, аудиторлар.
Барлық борышкерлер қаржы басқарушыларының қызметтерін төлей алмайтынын назарға ала отырып, заң жобасында мүлкі жоқ халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын адамдарға мемлекет есебінен ақы төлеу көзделген.
Ал төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі арқылы азаматтарда тұрақты табыс болған жағдайда қарызды төлеу үшін 5 жылға дейін сот тәртібімен бөліп төлеу мүмкіндігін қарастырады. Бұл жоспар қаржы басқарушымен бірлесіп әзірленіп, сотпен бекітіледі. Бұл процедураның артықшылығы – азаматтар «банкрот» мәртебесін алмайды. Сондықтан кейін банкрот үшін қолданылатын шаралар мен салдар бұл азаматтарға қарастырылмайды.
– Барлық үш рәсім бойынша азаматтар тек өздері ғана шешім қабылдай алады және өтініш білдіре алады. Яғни кредиторлар талап-арызбен берешегі бар азаматтарды банкрот деп тану үшін өтініш білдіре алмайды. Тек азамат банкрот болып жариялануды өзі шешеді. Азаматтар өтініштерімен 2023 жылдың наурыз айынан бастап жүгіне алады. Қаңтар-ақпан айларында Қаржы министрлігі Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп кезең-кезеңімен ұйымдастыру-техникалық шараларды жүргізетін болады. Қазіргі таңда ақпараттық жүйенің прототипі әзірленіп, оның тестілеу мен жетілдіру жұмыстары жүргізілуде, – дейді облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің берешектермен жұмыс басқармасының басшысы Ерлан Нұрмаханбетов.
Әрине, қарыз қысып, ісін ілгері жүргізе алмай отырған отандастарымыз үшін бұл аса қуанышты жағдай. Алайда «күріштің арқасында күрмек су ішіпті» дегендей, жағдайы бола тұра осындай игілікті пайдаланып қалуды көздейтін алаяқтар да жоқ емес. «Ондай кезде не істеуге болады?» дегенге сала мамандары бұл арнайы заң шеңберінде ғана жүзеге асатынын, сондай-ақ шынайы банкроттығы жоқ адамға пайдасынан гөрі зияны көп тиетінін айтады.
– Банкроттықты жариялаудың да өзіндік заңдық нормалары мен шарттары бар. Атап айтар болсақ, біріншіден, азаматтардың банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлар алдындағы берешегі 5,5 миллион теңгеден аспауы тиіс. Екіншіден, халық өзінің банкроттығы туралы өтініш берген күннен бастап қатарынан 12 ай ішінде міндеттемелері өтелмеуі тиіс. Үшіншіден, азаматтардың басында мүлік, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік жоқ болуы шарт. Төртіншіден, кешіктірілген берешектің банкпен реттелген болуы, оған байланысты банктің хаты болу керек, яғни бұл мәліметтер өтінішке қоса тіркелуі тиіс. Сонымен қатар азаматтарға қойылатын шарт – 7 жыл бойы банкроттық қайтадан қолданылмауы қажет. Ал заң нормаларын бұзғаны үшін тиісті әкімшілік жауапкершіліктер де қарастырылып отыр. Мысалы, азамат кредиторлар алдында өзінің міндеттемелерін орындаудан жалтару мақсатында банкроттық туралы арызбен әдейі өтініш білдірсе, онда 200 АЕК көлемінде айыппұл көзделген. Сондай-ақ соттан тыс банкроттық, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот банкроттығы шеңберінде жалған мәліметтер бергені немесе мүлікті (ол туралы ақпаратты) жасырғаны үшін 100 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салу көзделген. Бұған қоса сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдерінің тәртібін бұзғаны үшін қаржы басқарушысына жауапкершілік енгізіледі. Жалпы ұсынылып отырған нормалар осы саладағы заңды қатаң сақтауға бағытталған, – дейді облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Уалихан Әлібеков.
Ал енді банкроттықтан кейін қолданылатын шектеулерге келсек, біріншіден, банкроттығы бар адамның 5 жылға несиелер мен кредиттер алуы шектеледі. Екіншіден, сіз тағы банкрот болған жағдайда қайталап өтініш беру үшін 7 жыл уақыт өтуі тиіс. Үшіншіден, сіздің қаржылық жағдайыңызға 3 жыл мониторинг жүргізілетін болады. Ал енді несиенің де түр-түрі бар. Соның ішінде алимент өндіру, басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу, сондай-ақ қылмыстық құқықбұзушылықтар үшін келтірілген зиянды өтеу бойынша берешектерді есептен шығаруды заң көздемейді. Яғни мұндай берешегі бар азаматтардың осы несиелері кешірілмейтінін де ескерген жөн.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала
Талап сақталса– қауіп жоқ
Ұқсас жаңалықтар
Жамбыл жаңалықтар
Жамбылда 8 мәдениет нысаны ел игілігіне беріледі
- авторМағжан Орынбасар
- 14 қараша, 2024